Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында бір күнде үш істің қаралуы тараптардың татуласуымен аяқталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бір күнде үш азаматтық іс бойынша дауды медиативтік тәртіппен реттеу туралы келісім бекітті.

Шымкенттің Еңбекші аудандық соты екі талапкердің сот шешімімен жарамсыз деп танылған сатып алу-сату келісім шарты бойынша жауапкерден 4 590 000 теңге шығынды өндіру туралы талап арызын қанағаттандырған. Жауапкер шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

Облыстық сот істі қарау барысында тараптарды медиативтік келісімге келуге шақырды. Нәтижесінде тараптар келісім жасап, соттан оны бекітуді сұрады. Келісімнің шарттарына сәйкес, талапкерлер талабынан бас тартты, ал жауапкер талап қоюшыларға 1 500 000 теңге төлеуге міндеттенді.

Келесі шағым Сарыағаш аудандық сотының шешіміне түскен. Талап қоюшы балабақша ашу үшін жауапкерге тиесілі ғимаратты 5 жылға жалға алғаны анықталды. Оны іске қосудан бұрын өз қаражатына 540 000 теңгеге жиhаз, есік, қақпа және санитарлық торап орнатқан. Жалға алу мерзімі аяқталуына байланысты жауапкер ғимаратты босатып беруін талап еткен. Талапкер ғимаратты босатып, жауапкерден жабдықтарды орнатуға кеткен шығынды өтеп беруін сұраған, алайда, ол аталған шығындарды өтеуден бас тартқан.

Бірінші сатылы сот жауапкерден 540 000 теңге залалды және 15 000 теңге сот шығындарын өндіріп беру туралы талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Талап қоюшы шешіммен келіспей, апелляциялық шағым берген. Облыстық сотта тараптарға дауды татуласумен аяқтау мүмкіндігі түсіндірілді. Нәтижесінде тараптар медиативтік келісім жасап, соттан оны бекітуді сұрады. Келісімге сәйкес, талап қоюшы ғимараттан мүлкін өз күшімен алып кетеді, ал жауапкер оған ешқандай кедергі келтірмейді.

Үшінші іс А.-ның Қаратау аудандық сотының үш жауапкерден 1 810 000 теңге (тауар төлемі), 43 204 теңге тұрақсыздық айыбын және сот шығындарын өндіру туралы талап арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешіміне келтірген апелляциялық шағымына қатысты болды. Істі қарау барысында тараптарға татуластыру рәсімдерін қолданудың артықшылықтары түсіндірілді. Нәтижесінде, тараптар бітімгершілік келісімін жасап, соттан оны бекітуді сұраған. Жауапкер 1 000 000 теңге бітімгершілік келісімін жасау барысында төлеуге, ал қалған 810 000 теңге мен өкіл көмегіне төленген 552 500 теңгені ағымдағы жылдың 28 маусымына дейін талап қоюшының есеп шотына аударуға міндеттенді.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі