Судьялық әдеп кодексі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХатпен жіберуХатпен жіберуPDFPDF

Қазақстан Республикасы

судьяларының VII съезінде

2016 жылғы 21 қарашада

қабылданды

 

 

 

СУДЬЯЛЫҚ ӘДЕП КОДЕКСІ

 

Қазақстан Республикасының судьялары,

Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын басшылыққа ала отырып;

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті ережелерінің, БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарарымен мақұлданған сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаларының маңыздылығын сезіне отырып;

судьялардың тәуелсіздігі, объективтілігі, теңдігі, адалдығы мен сатылмайтындығы, құзыреттілігі мен ұқыптылығы және әдеп нормаларын сақтау туралы судьялардың жүріс-тұрысының Бангалорлық қағидаттары мен қағидаларын ескере отырып;

үстемдікті құқық пен демократияның, ал сот билігінің тәуелсіздігін әділ сот талқылауына деген құқықтың базалық элементі ретінде мәлімдей отырып;

азаматтардың, қоғамның адамагершілік, адалдық пен сатылмайтындық мәселелерінде биліктің сот тармағына, сондай-ақ сот жүйесінің беделіне деген сенімі қазіргі демократиялық қоғамда аса маңызды рөлге ие екендігін мойындай отырып;

осы Судьялық әдеп кодексін (бұдан әрі – Кодекс) қабылдай отырып, жұмыс істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьялар үшін жүріс-тұрыстың мынадай әдеп қағидаларын белгілейді.

 

1-бап

 

Судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез-келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс–тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс.

Судья заң үстемдігін және сот органдарының тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс.

Судья сот билігінің беделін түсіруге әкеп соғуы және судьяның абыройына нұқсан келтіруі  мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс.

 

2-бап

 

Судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етуге жол бермеуге, кімнен шыққандығына қарамастан қорқытуға, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұру қажет. Судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылар мен өзге де сот отырысына қатысушы адамдардан сондай қарым-қатынасты талап етуге және сот төрелігінің әділдігі олардың күмәнін туғызбауы үшін шаралар қолдануға тиіс.

Судья қабылдайтын процестік шешімдердің заңдылығы мен негізділігі қандай да бір жария талқылауға немесе оның қызметін қандай да бір бағалауға қарамастан қамтамасыз етілуге тиіс. 

Судьяның кәсіби міндеттерін атқарған кездегі жүріс-тұрысы судьяның адалдығы мен сатылмайтындығы туралы қоғамның сенімділігін қалыптастастырып, нығайтуы тиіс.

Сот төрағасы (алқа төрағасы) ұйымдастырушылық-өкімдік өкілеттіктерді жүзеге асырған кезде судьялардың тәуелсіздігін шектейтін іс-әрекеттерге жол беруге, оларға қысым көрсетуге, сондай-ақ судьялардың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне ықпал ету мақсаты бар  өзге де әкімшілік ықпал ету әдістерін қолдануға құқылы емес.

 

3-бап

 

Судья заңды күшіне енбеген сот шешімдерінің заңдылығына қатысты жария мәлімдемелерден және  сот жүйесінің абыройын түсіріп, сот төрелігінің мүдделеріне залал келтіруі мүмкін түсіндірмелерден тартынуға тиіс.

Аталған ережелер судьяны бірыңғай сот практикасын әзірлеу мақсатында сот шешімдерін құқықтық талдаудан және істерді қарау нәтижелері бойынша жария пікірталастан шектемейді.

 

4-бап

 

Судьяның соттан тыс жердегі жүріп-тұруы, оның процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасы соттың тәуелсіздігі туралы қоғамның сенімділігін сақтауға ықпал етуге тиіс.

Судья нақты сот ісі бойынша іске қатысушы адамдармен, олардың өкілдерімен, прокурормен, адвокатпен, өзге де мүдделі адамдармен процестік және өзге де заңнамада көзделмеген кез келген қарым-қатынас деп түсінілетін процестік емес байланыстарды, егер осы іс-әрекеттер судьяның объективтілігіне және бейтараптылығына негізделген күмәннің туындауына алып келуі мүмкін болса, болдырмауға тиіс.

 

5-бап

 

Судья заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді жалпылама, негізделмеген сынға алудан тартынуға тиіс.

Аталған ереже судьяға құқықтық нормаларды түсіндіруге, түсініксіздік, қарама-қайшылық себептер бойынша немесе өзге де негіздер бойынша оларды бағалауға байланысты өзінің пікірін жалпы ғылыми-практикалық пікірталастарға, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, семинарларға немесе басқа да ресми іс-шараларға қатысу арқылы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында білдіруге кедергі келтірмейді. 

Судья өз білімін арттыру, практикалық тәжірибе мен жеке қасиеттерін жетілдіру мақсатында, үздіксіз оқу мен өз бетінше білім алу тәсілдерін пайдалана отырып, үнемі шаралар қолдану қажет. Ұлттық заңнамамен қатар судья ратификацияланған конвенциялар мен өзге де негіз қалаушы халықаралық актілер туралы хабардар болуға тиіс.

 

6-бап

 

Судьяның кәсіби қызметі саяси мақсатты көздейтін саяси партияда немесе қоғамдық бірлестікте мүше болумен үйлеспейді. Ол осындай ұйымдарды қолдап жария сөз сөйлеуге, олардың саяси өміріне қатыспауға тиіс.

Судья нақты іс бойынша шешім шығаруға байланысты емес мемлекеттік, саяси қызметтік регламенттелмеген жария бағалаудан аулақ болуға тиіс.

Осы баптың ережелері судьяның саяси және қоғамдық өмірдің кез келген мәселелері бойынша пікір білдіру бостандық құқығын шектеу ретінде қаралуға тиіс емес.

 

7-бап

 

Жұртшылық тарапынан болып тұратын тұрақты назар судьяға өзіне бірқатар шектеулер қою міндетін жүктейді. Судья беделіне нұқсан келтіретін қоғамдық іс-шаралар мен өзге де көпшілік орындардан аулақ болуға тиіс.

 

8-бап

 

Судья міндеттерін орындаған кезде өзінің діни нанымы мен ұстанатын дінін көрсетуден тартынғаны жөн.

Ар–ождан бостандық құқығын жүзеге асырған кезде, судья сот билігінің абыройына күмән туғызбау үшін, барлық жағдайларда ұстамдылық пен сабырлылық сақтау тиіс.

 

9-бап

 

Судья сот қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби көрсетілуіне ықпал етуге тиіс.

Судья бұқаралық ақпарат құралдарына істі қараудың процестік сатылары туралы мәліметтерді, қабылданған сот шешіміне түсіндірмелерді, материалдық және процестік құқықтың нормаларын қолданудың қалыптасқан сот практикасы туралы ақпаратты бере алады.

Егер судьяның қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында оның беделіне негізсіз нұқсан келтіріліп көрсетілсе, онда өз құқықтарын қорғаудың өзге тәсілдері таусылған айрықша жағдайларда судьяға ар-намысын, қадiр-қасиетiн және iскерлiк беделiн қорғау мақсатында құқық қорғау және сот органдарына жүгінуге болады.

 

10-бап

 

Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне байланысты сыйлықтарды, жеңілдіктерді, артықшылықтарды, өтеусіз көрсетілетін қызметтерді өзі де алмағаны және отбасы мүшелеріне де, процестік тәуелді адамдарға да алуға рұқсат бермегені жөн.

 

11-бап

 

Судья жеке таныстық пен байланыстарда талғампаз болуға тиіс, одан қызметтік тәуелділіктегі адамдармен, сондай-ақ оның өндірісіндегі істер бойынша сот процестерінің қатысушылары болып табылатын адамдармен қаржылық міндеттемелерді туындататын азаматтық–құқықтық мәмілелерді жасасудан аулақ болуға тиіс.

Судьяға оның қызметтік жағдайына байланысты белгілі болған құпия ақпарат сот төрелігін іске асыруға байланысы жоқ кез келген өзге мақсаттарда пайдаланылуы және кімге болсын ашылуы мүмкін емес.

 

12-бап

 

Судья өз беделі мен отбасы мүшелерінің беделі туралы ойлау керек және қызметтік жағдайын өзінің жеке мүдделеріне, отбасы мүшелерінің және басқа да адамдардың мүдделеріне пайдаланбауы тиіс.

Үміткер, судья лауазымына іріктеуге қатысу кезінде, сондай-ақ, судья өз өкілеттігін жүзеге асыру барысында, отбасылық және мүдделер қақтығысына жол бермеу қажет.

Отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының қылмыс жасаған фактісі туралы судья белгіленген тәртіппен уәкілетті органның кадр қызметіне шынайы ақпаратты кідіріссіз ұсынуы тиіс. 

Судья кәмелетке толмаған балаларын асырау, тәрбиелеу, ата-анасы мен басқа да отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерін асырау жөніндегі заңдық міндеттерін тиісінше орындау үшін күш-жігерін салғаны жөн.

Судья өз отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы хабардар болуға және ол үшін ақылға қонымды шаралар қолдануға тиіс.

Судья өз отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына және басқа да адамдарға оның сот төрелігін іске асыруға байланысты іс-әрекеттеріне ықпал етуге жол бермеуі тиіс.

 

13-бап

 

Осы Кодексте белгіленген жүріс-тұрыс қағидаларын атқарып отырған қызметіне қарамастан Қазақстан Республикасының барлық судьялары, сондай-ақ отставкадағы судьялар орындауға тиіс.

Судьялық әдепке байланысты қандай да бір мәселелер осы Кодекспен реттелмеген жағдайларда, судья жалпы қабылданған мораль мен адамгершілік қағидаттарын, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру мен судьялардың жүріс-тұрыс саласындағы халықаралық стандарттарды ұстануға тиіс.

Судья судьялар қауымдастық органына жүріс-тұрысының мүмкін моделінің судьялардың нақты жағдайдағы жүріс-тұрысының әдеп қағидаларына сәйкестігі туралы сұрау салып, жүгінуге құқылы. Судьялар қауымдастығының мұндай сауалды қарау нәтижелері жөніндегі жауабы ұсынымдық мәнде болады.

 

14-бап

        

Сот билігінің беделін түсіруге әкеп соққан және судьяның абыройына нұқсан келтірген осы Кодекстің ережелерін бұзу судьяны заңға сәйкес тәртіптік жазаға тарту үшін негіз болып табылады.

Азаматтардың шағымы бойынша осындай бұзушылықтар үшін судьяларға қатысты қоғамдық ықпал ету шаралары да қолданылуы мүмкін.

 

15-бап

 

Осы Кодекс судьялар үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және ратификацияланған халықаралық актілерде көзделген өз құқықтарын еркін және кедергісіз іске асыруға қандай да бір шектер мен шектеулерді белгілеу мақсатын көздемейді.

Осы Кодекстің ережелері Кодекс қабылданған сәттен бастап күшіне енеді және оларды Қазақстан Республикасы судьяларының съезі өзгертуі, толықтыруы немесе күшін жоюы мүмкін.

Осы Кодекс қабылданғаннан бастап 2009 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде қабылданған Судья әдебі кодексінің күші жойылады.

Пікірлер мен ұсыныстар