Жоғарғы Сот Төрағасы елордалық МАЭС-те медиация кабинетін ашты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жақып Асанов елордадағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында ашылған медиация кабинетінің жұмысымен танысты. Кабинет «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде жабдықталған. Осы жобаға сәйкес соттарда татуластыру рәсімдерімен айналысатын судьялар анықталған.

Іс-шараға Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов пен Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев қатысты.

МАЭС төрағасы Мәди Рысбеков татуластыру рәсімдерін жүргізуге маманданған судья Айгүл Жамансариеваны таныстырды. Ол осы жылдың 4 айында сотта 5 948 талап арыз бен өтініштің тіркелгенін, 2017 жылдың ұқсас мерзімінде олардың саны 4 679 болғанын атап өтті.

Пилоттық жоба бекітілген алгоритм бойынша іске асырылады. Тараптарды татуластыруға жататын даулардың 31 санаты анықталған. Күн сайын сотқа келіп түсетін 80-90 талап арыздың 30-ға жуығын тараптарды татуластыруға болатын істер құрайды. Қалған талап арыздарды медиацияны қолдануға жатпайтын даулар (мемлекеттік органдардың шешімдері мен лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне шағымдану, салық, кеден, банктік, мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін алу, банкроттық, мемлекеттік сатып алуға қатысушыны жосықсыз деп тану, мүлікті тыйым салудан босату туралы даулар мен жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралатын істер) құрайды.

Өтініш тіркеуден өтіп, медиатор-судьяға бөлінгеннен кейін іс 5 жұмыс күні ішінде қаралады, осы ретте тараптарға бекітілген үлгі бойынша дереу шақырту хаттары жолданады. «Аталған жұмыс бұдан былай сот ғимаратында жұмыс істейтін тәуелсіз медиаторлармен және психологтармен тығыз өзара іс-қимыл бойынша жүргізіледі», - деді А.Жамансариева. Судья осы жоба соттардағы татуластыру рәсімдерін дамытуға жаңа серпін беретіндігіне және дауды бітімгершілік арқылы шешуге ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

Меймандарға медиация кабинеті мен тараптардың құпия келіссөздерін жүргізуге арналған жеке кабинет таныстырылды.

Медиация рәсімі кең әрі жайлы медиация кабинетінде медиатор-судья мен процестің төрт қатысушысы еркін жайғаса алатын дөңгелек үстел басында өткізіледі. Кабинет «Төрелік», ЭҚАБЖ, Жоғарғы Соттың ішкі порталы, «Сот кабинеті» сервисі ақпараттық жүйелеріне қосылған жаңа компьютерлермен,  өзге де атқару техникаларымен жабдықталған.

Медиацияны бейнебайланыс негізінде тараптардың қашықтықтан қатысуы, сондай-ақ дауды татуластыру жолымен реттеудің артықшылықтары туралы роликті көрсету арқылы жүргізудің мүмкіндіктері көзделген. Мұнда медиация рәсімдері аяқталған соң тараптар толтырған сауалнамаға арналған жәшік орнатылған.

Ж.Асанов кездесуді қорытындылай келе: «Мұндай медиация кабинеттері әрбір сотта ашылуы тиіс. Істердің 95 пайызға жуығы татуластыру рәсімдері арқылы шешілетін Сингапурдың оң тәжірибесін біз де қолдануымыз керек», - деді. Осы ретте ол «қалай болғанда да медиацияны қолдану керек деп, статистика мен науқаншылдыққа ұмтылмай», жұмыста сөзбұйдалыққа жол бермей, келген адамдарды барынша мұқият тыңдап, мәселесін шешуге шақырды.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі