«Сот кабинетінде» онлайн татуласу функциясы енгізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Сот кабинеті» сервисінде онлайн-татуласудың жаңа функциясы енгізілді.

Функционал сотқа талап арыз беру кезінде сервис тұтынушыларының алдына автоматты түрде шығады.

Алдымен Жоғарғы Сот Төрағасы үндеуінің мәтіні бар терезе пайда болады. Онда Ж.Асанов: «Сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып, ойланған жөн. Эмоцияға беріліп кеткен жоқсыз ба? Барлық мүмкіндікті пайдаланып болдыңыз ба? Мүмкін сізге уақыт керек шығар?» деген сұрақтар қояды. Одан әрі қарай ол: «Ашуды ақылға жеңдіріп, өзара келісімге келіп, шешуге болар еді ғой деп көбісі кейіннен өкініп жатады» - дейді. Бұдан әрі: «Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі тарап та ұтады. Уақыт жоғалмайды. Ақша үнемделеді. Қатынас үзілмейді. Жүйке мен абырой-бедел сақталады», - деген тұжырымды оқисыз. 

Осылайша, жаңашылдық азаматқа сотқа жүгінудің қажеттілігі туралы тағы бір рет ойлануға мүмкіндік береді және дауды медиация арқылы шешуге кеңес береді. Медиацияны таңдаған жағдайда медиаторлардың фотосуреттері, мамандануы, тәжірибесі мен байланыс деректері көрсетілген тізім шығады. Тиісті медиаторды таңдаған соң «Сот кабинеті» медиация рәсімін жүргізуге онлайн-өтінім жолдау және қажетті құжаттарды тіркеу мүмкіндігі ұсынылады. Бұған қоса, медиацияны жүргізу туралы шарттар мен дауды медиация арқылы реттеу туралы келісім үлгілерін жүктеп алуға болады. 

Функционалды қолдану жеңіл әрі сервис қолданушысына бірқатар мүмкіндіктер береді: екі тарапқа да қолайлы шарттар бойынша дауды сотсыз әрі тиімді шешуге, уақытты, ұзаққа созылатын сот процестеріне кететін моральдық және материалдық шығынды үнемдеуге болады.

Функционал жұмысын ұдайы жақсарту көзделеді. Атап айтқанда, кейінірек скайп арқылы онлайн-келіссөз жүргізу, медиатордың автоматтандырылған жұмыс орнын ашу, тізімге кәсіби және кәсіби емес медиаторларды қосу және т.б. мүмкіндіктер енгізілетін болады.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі