Жоғарғы Сот Төрағасы Маңғыстау облыстық сотында судьялар кеңесінің жұмысына қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің қатысуымен Маңғыстау облыстық сотында ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша кеңес өтті.

Іс-шараға облыстық қалалық және аудандық соттардың судьялары, сондай-ақ Судьялар одағы филиалы мен Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшылығы қатысты.

Кеңес шеңберінде өңір соттары, Судьялар әдебі жөніндегі комиссия мен Судьялар одағының Маңғыстау облыстық филиалы жұмысының қорытындылары талқыланды.

Кеңеске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қ.Мәми: «2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекетімізді, экономикамыз бен қоғамды дамыту үшін түбегейлі жаңа құқықтық орта құруға мүмкіндік беретін 59 заң күшіне енді. Ұлт Жоспарына сәйкес Жоғарғы Сотқа жүктелген реформаның барлық 11 қадамы заңнамалық тұрғыдан іске асты. Бұл жаңашылдықтардың барлығы отандық сот жүйесін барынша жаңғырта түседі» - деді.

Жүргізілген реформалардың нәтижесінде сот ісін жүргізу айтарлықтай жеңілдеп, түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын барынша қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, ағымдағы жылдың 5 айында әрбір екінші азаматтық іс оңайлатылған сот ісін жүргізу тәртібінде қаралды, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу бойынша қаралған қылмыстық істердің саны 37%-ға артты.

Тергеу судьялары қараған санкциялау туралы материалдардың саны шамамен 3 есеге артқан. Олардың жартысына жуығы тергеу судьяларының жаңа өкілеттіктерімен байланысты.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері мен біліктілік талаптары қатаңдатылды. Біліктілік емтихандарын тапсыру рәсімдері күшейтілді, соның ішінде психологиялық тестілеудің рөлі артты. Кандидаттың алған білімін практикада қолдану мүмкіндігін тексеруге басымдық беріліп отыр. Бұған қоса, кандидаттарды полиграф аппараты арқылы зерттеу жүйесі енгізілді. Аудандық соттар төрағалары лауазымына кандидаттарды іріктеудің конкурстық тәртібі қолданысқа енгізілді.  

Жоғарғы Сот Төрағасы: «2016 жылы 1220 судья бағалаудан өтеді.  Барлықтарыңызға айтарым, бұл мәселеде ерекше дайындық қажет. Ешкімге де босаңсуға жол жоқ» деп, ерекше айтып өтті.

Қ.Мәми Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы әзірленгенін, ол 2016 жылдың күзінде өтетін Судьялардың жетінші съезінде қабылданады деп жоспарланып отырғандығын айтты. Кодекс жобасы судьялар қауымдастығымен келісілген және Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданған. Кодекс жобасына қатысты Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясы сарапшыларының алдын-ала қорытындысы алынды. Ол ағымдағы жылғы 10 маусымда Венецияда (Италия) өтетін Комиссияның 107 жалпы отырысының шеңберінде бекітіледі деп күтілуде.

Өз сөзінде Қ.Мәми облыс соттары жұмысының қорытындысын шығарып, кейбір кемшіліктерді атап өтті. Қазіргі таңда соттардың ғимараттары жайлы,  судьялардың тұрғын үй мәселелері шешілуде.  Барлық сот отырысы залдары аудио-бейне тіркеу жүйесімен жабдықталып, жаңғыртылды. Татуластыру рәсімдерін қолдана отырып қаралған азаматтық істердің саны 3 есеге, келісімдік іс жүргізу бойынша 17 есеге артқанын атап өткен жөн.

Кеңес қорытындысы бойынша облыстық соттың басшылығы мен судьяларына сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, судья әдебі нормаларын сақтау, БАҚ-пен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты жақсарту бойынша бірқатар ағымдық сипаттағы міндеттер жүктелді.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі