Қостанай облыстық сотының судьясы "Әлеуметтік дамудың өзекті мәселелері және оларды медиация мүмкіндігін қолдана отырып шешу жолдары" тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» жұмысына қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облыстық соты «Әлеуметтік дамудың өзекті мәселелері және оларды медиация мүмкіндігін қолдана отырып шешу жолдары» тақырыбында «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ ұйымдастыруымен өткізілген «дөңгелек үстелге» қатысты. Аталған ұйым халық бірлігін нығайту мен қоғамдық келісімді сақтауда медиация институтының мүмкіндіктерін қолдану арқылы әлеуметтік өзекті мәселелерді анықтау және туындаған сауалдарды жинақтап, саралап заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасау мақсатымен мұндай шараларды еліміздің әр өңірінде ұйымдастырып отыр.  

Шараға үкіметтік емес ұйымдардың, сот, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен облыс медиаторлары қатысты. Олар қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді жергілікті билік органдарының ресурсын пайдалана отырып медиация механизмін қолдану арқылы шешу жолдарын талқылады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылау және оларды реттеуде медиация мүмкіндіктерін қолдану амалдарын қарастыратын диалог алаңдарын құру, оған кәсіби және кәсіби емес медиаторларды, жергілікті жерде беделді, құрметке ие қоғамдық  жетекшілерді тарту жайы сөз болды.

Қостанай облыстық сотының судьясы Гүлманат Артықбаева атап өткендей, бүгінде Қостанай облысында 42 медиация орталығы жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік аз қамтылған топтағы азаматтарға тегін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, судья статистикалық мәліметтерді келтіріп, Қостанай облысының ювеналдық сотының практикасынан мысал келтіре отырып сот медиациясына кеңінен тоқталды.

Кездесу барысында кәсіби емес медиаторлар жұмысына қатысты қарама-қайшы пікірлер айтылды. Кәсіби медиаторлар «кәсіби емес медиатор» деген түсінікті болдырмауды ұсынса, өзге қатысушылар оны «халықтық медиатор» деп өзгертуді ұсынды. Шараға қатысушылар, қалай болғанда да дауды шешу сапасын арттыру үшін кәсіби емес медиаторлардың медиацияның ең негізгі тұстарын білуі үшін оларды оқытуды заңды негізде бекіту керектігін және де «кәсіби емес медиатор» сөзінің өзі халықтың күдікпен қарауына себеп болатындығын айтты. 

«Дөңгелек үстел» жұмысының қорытындысы бойынша «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ өкілдері алдағы уақытта Қазақстанда медиация институтын дамыту үшін айтылған ұсыныстар мен пікірлерді назарға алды. 

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі