Жоғарғы Сотта алаяқтық туралы істер бойынша кеңес өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин алаяқтық туралы істер бойынша бірыңғай тергеу-сот практикасын қалыптастыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кеңес жұмысына Бас Прокурордың орынбасары Е.А. Кененбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары Е.З. Тұрғымбаев, Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары М.И. Сексембаев, құқық қорғау органдарының өкілдері, Жоғарғы Соттың, Астана қаласы және аудандық соттардың судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Департаменттің жауапты қызметкерлері қатысты. 

Кеңесті аша отырып, А.Рахметулин: «Алаяқтық статистика бойынша ұрлықтан кейінгі екінші орын алатын кеңінен тараған қылмыс түрі. Қазіргі таңда алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда, оған туристік, банк және өзге де салалардың адамдары тартылуда. Бізге бірыңғай тергеу-сот практикасын қалыптастыру және туындайтын түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын пысықтау қажет», - деді.

Бас Прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев алаяқтық әрекеттер туралы арыздар мен хабарламаларды тіркеу, тергеу мен жіктеу барысында кездесетін түйткілді мәселелер туралы айта келе, алаяқтық бойынша тіркелген әрбір екінші арыз іс жүзінде олай болмай шығатындығын атап өтті. Оның пікірінше, шарттық міндеттемелерді орындамау фактілері сотта қаралуы тиіс.

Кеңесте Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу мен тергеу, азаматтық-құқықтық қатынастармен аралас түйткілді мәселелер туралы сөз сөйледі. Алаяқтық туралы істер бойынша бірыңғай тергеу-сот практикасын қалыптастырудың кейбір мәселелері туралы Жоғарғы Сот судьясы Әділ Құрықбаев өз ойымен бөлісті.

Кездесуге қатысушылар азаматтық-құқықтық даулардың қылмыстық құқық бұзушылықтардан, алаяқтық қылмысының аралас құрамдардан ара-жігін ажырату критерийлерін әзірлеудің қажеттігін, сондай-ақ, алаяқтық түрлерін межелеп бөлу, алаяқтық әрекеттерді дұрыс жіктеу, алдау мен сенімге қиянат жасауың мәні, алаяқтық барысында қызмет бабын пайдалану туралы мәселелерді көтерді. Үлестік құрылыс, банктік несиелеу, тұрғын үйді сату-сатып алу, мемлекеттік сатып алу және т.б. салалардағы шарттық міндеттемелерді орындамау секілді әрекеттерді аталған санаттағы қылмысқа жатқызудың дұрыс-бұрыстығы талқыланды.

Талқылауды қорыта келе, А. Рахметулин Жоғарғы Соттың жымқыру туралы нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе алаяқтық туралы арнайы нормативтік қаулы әзірлеу туралы мәселені пысықтау қажеттігін атап өтті.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі