Жоғарғы Сот Бас прокурордың наразылығы бойынша Б.Чотпаевқа қатысты істі қарады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың кассациялық сатысы Бас прокурордың наразылығы бойынша келіп түскен Б.Чотпаевқа қатысты қылмысты істі қарады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2017 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен Б.Чотпаевқа қатысты бірінші және апелляциялық сатылар шығарған сот актілерінің тағайындалған жазаның аса жеңіл болуына байланысты күшін жойды. Іс қайта қарауға апелляциялық сотқа жолданды, наразылық ішінара қанағаттандырылды.

Іс материалдарын, процеске қатысушылардың ой-пікірлерін зерделеу қорытындысы бойынша сот алқасы Б.Чотпаевтың кінәсі айқын және заңды дәлелдемелердің жиынтығымен тағылған қылмыстық әрекеті анықталды деген тұжырымға келді. Алқа келісушілік іс жүргізуде қаулы етілген сот қаулысы мемлекеттің пайдасына тәркіленген үшінші тараптың, соның ішінде 38 көлік құралының меншік иелерінің құқығын бұзды деген наразылықтың уәжімен келіспеді.    

«Соттардың қылмыстық істер бойынша келісімдік тәртіпте іс жүргізу практикасы туралы» Жоғарғы Соттың 2016 жылғы 7 шілдедегі №4 нормативтік қаулысының 2-тармағына сәйкес егер мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу іс бойынша тараптар болып табылмайтын басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін болса, онда кінәні мойындау туралы келісімді жасасуға болмайды.

Сотқа дейінгі іс жүргізуде және сот отырысында тауарларды шекарадан баж салығынсыз жасырын өткізу үшін Б.Чотпаев 38 автокөлікті пайдаланғандығы нақты анықталды. Осы ретте, оның 14-і «Miroslava tour» жеке кәсіпкер арқылы жүк тасымалдау шартын ресімдеген, ал қалғанын өзі ҚХР аумағында жалдаған.

Барлық автокөлік контрабандалық жүкпен ұсталғандықтан, оларды қылмыс жасау мақсатында пайдалану фактісі күдік туғызбайды және қандай да бір қосымша тексеруді қажет етпейді.  

«Контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілік жөніндегі заңдарды қолдану тәжірибесі туралы» Жоғарғы Соттың 1997 жылғы 18 шілдедегі №10 нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес қылмыстарды жасауда кінәлі деп танылған адамдардың контрабандалық тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды Кеден одағының кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы көлік құралдарын пайдалана отырып заңсыз кіргізу немесе шығару фактілерін анықтау барысында контрабанда кезінде пайдаланылған көлік құралдары туралы мәселе олардың іс бойынша қылмыс қаруы ретінде заң тәртібімен белгіленген заттай дәлелдеме болып танылуына қарай шешілуге тиіс.

2015 жылғы 1 қыркүйектегі сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін органның қаулысымен барлық автокөліктер қылмыс құралы болып танылды және ҚПК-нің 118-бабының 1-бөлігіне сәйкес заттай дәлелдемелер ретінде іске тіркелді.

Наразылықта соттың қылмыс құралы туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық-процестік заңды қолдануының дұрыстығына қатысты қарсылық туындамағандығын ескерген жөн.

Б.Чотпаевтың құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде мемлекеттің кірісіне айналған және қылмыс құралы болып табылған автокөлік иелеріне тигізген залалын өтеуге байланысты мәселелер орын алған жағдайда азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде шешіледі.

Бұған қоса, алқа 3000 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде тағайындалған жазаның аса жеңіл екені туралы наразылықтың уәждерімен келісті.

Прокурор мен айыпталушының арасында жасалған процестік келісімде көрсетілген жазалаудың мөлшерімен келісе отырып, сот құқықбұзушылықтың сипатына көңіл аудармаған, адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасалған және айыпталушының белсенді әрекеті назарға алынбай ҚК-нің 52-бабының талаптарын бұзылған.

«Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 25 маусымдағы №4 нормативтік қаулысының 13-тармағына сәйкес алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып қылмыс жасау неғұрлым қатаң жаза тағайындауға әкеліп соғатындықтан, сот ҚПК-нің 623-бабының 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес жазалау бөлігінде жасалған  келісіммен келіспей, прокурорға істі қайтару керек еді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі