Жоғарғы Сот Ф.Эберт атындағы қормен және ЕҚЫҰ-мен бірлесіп, БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судьяларға арналған семинар-тренинг өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астанада республиканың барлық өңірлерінен келген БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судьяларға арналған «Сот ақпаратын ілгерілетудегі PR-технология шеберлігі» атты екі күндік семинар-тренинг өтті.

Семинар жұмысына Жоғарғы Соттың судьялары Ербол Рахымбеков, Елена Максюта, Бағлан Мақұлбеков, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккала және Ф.Эберт атындағы қордың басшысы Зәуреш Шутова қатысты.

Семинарды Жоғарғы Сот, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесі және Ф.Эберт атындағы қор ұйымдастырды. Мақсаты – үйлестіруші-судьяларды масс-медианың, соның ішінде әлеуметтік желілер мен Интернет бойынша тәжірибелік дағдыларға оқыту. 

Жоғарғы Сот судьясы Е.Рахымбеков кіріспе сөзінде: «Сот жүйесінің ашықтығы мен айқындығы судьялардың VI съезінде Мемлекет басшысы жүктеген жұмыстың басым бағыттары болып табылады. Біздің негізгі міндетіміз – сотқа құжаттың түскен сәтінен бастап, шешім шыққанға дейінгі  сот ісін жүргізу процесін қоғамның түсінуіне қол жеткізу», - деді.

Ол Жоғарғы Сот Төрағасының ағымдағы жылғы 28 мамырдағы өкімімен Соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. «Тұжырымдамада БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судьялар институтының қызмет бағыттары нақты көрсетілген. Айталық, БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судья өңірдегі сот корпусының басты спикері ретінде барынша ашық болуы, барлық БАҚ өкілдерімен сындарлы байланыс орнатуы тиіс. Ол мониторинг бойынша анықталған БАҚ-тағы сыни материалдар, түйткілді мәселелер туралы үнемі хабардар болуы және оларға ден қою шараларын әзірлеуді қамтамасыз етуі тиіс. Осы ретте, әрине, ол іс жүзінде БАҚ-пен ашық диалог орнатуда өзгелерге үлгі болуы тиіс», - деді Е.Рахымбеков.  

Жақында Ресей Федерациясының сот органдарында танысу сапарымен болып келген Жоғарғы Сот судьясы Е.Максюта БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша ресейлік әріптестерінің тәжірибесімен бөлісті.  

Жоғарғы Сот баспасөз қызметінің басшысы Болат Кальянбеков Ұлт Жоспарында көзделген басымдықтарды ескере отырып, ағымдағы ақпараттық-имидждік жұмыс туралы баяндады. Ол сот жүйесінде жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдануға аса мән беріліп отырғандығын атап өтті.

Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі соттар жұмысының өзекті тақырыптары мен резонансты істер бойынша бейнеблог жүргізіп келеді. Осы ретте 15 бейнеблог әзірленіп, бейнехостингтер мен әлеуметтік желілерде (facebook, kiwi, youtube және басқалар) орналастырылды. Оларды көрудің жалпы саны шамамен 400 мың ретті құрады. Сот жүйесін жаңғыртудың негізгі аспектілері туралы екі инфографикалық бейнеролик әзірленіп, танымал интернет-ресурстарға көптеп таратылды. Жоғарғы Соттың интернет-ресурсы белсенді жұмыс істеуде. Оған күн сайын соттар қызметі туралы ең өзекті ақпарат жарияланып отырады. Интернет-ресурстың қызметін орташа есеппен алғанда тәулігіне шамамен 4,5 мың дербес қолданушы тұтынады. 2015 жылы сайтты қолдану көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда орташа есеппен екі есеге артты. 2014 және 2015 жылдардағы «Қазконтент» АҚ-ның рейтингісінің қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың ресми интернет-ресурсы барлық орталық мемлекеттік органдардың веб-сайттары арасында бірінші орынды иеленді.

Танымал әлеуметтік желілерде соттардың дербес парақшалары (аккаунттары) ашылып, тұрақты түрде жұмыс істеуде. Оларда сот органдарының қызметі туралы барлық жаңалықтар мен бейнематериалдар жариялануда.

Жалпы, отандық және шетелдік сарапшылардың бағалауынша, республиканың судьялар корпусы жоғары деңгейдегі ашықтық пен айқындылықты көрсетіп отыр. Тек 2015 жылдың өзінде ғана БАҚ-та 53 мыңнан астам сөз сөйлеулер мен жарияланымдарды шығару қамтамасыз етілді.

Екі сессиядан тұратын семинарда дәріскерлер – кәсіби журналистер мен PR-технология саласының мамандары сот жүйесі мен БАҚ өкілдері арасында сындарлы диалог орнату мәселелері бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. Семинарда көпшілік алдына сөз сөйлеуге дайындық, сот ақпаратына қол жеткізу, қарым-қатынастың әдеп нормалары, журналистиканың заманауи жанрлары мен әлеуметтік коммуникация мәселелері талқыланды.

Қатысушылар сындарлы байланыс орнатудың түрлі аспектілері бойынша қызу әрі интерактивті түрде пікір алмасты. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі