Даулы мәселелерді шешуде медиацияның артықшылығы туралы Қостанай облысы Қамысты ауданының әкімдігінде талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облысы Қамысты ауданының әкімдігінде аудандық сот судьяларының, әкімдік қызметкерлерінің, кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар қолданысқа енген «Медиация туралы» Заңның, Азаматтық процестік және Қылмыстық процестік кодекстердің нормаларын талқылады.

Қамысты аудандық сотының төрағасы Нұрлан Жанақаев Мемлекет басшысының сот жүйесін жаңғырту жөніндегі Ұлт жоспарындағы іс-шараларды іске асыру шеңберінде Жоғарғы Соттың жүзеге асырып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.

Кәсіби медиатор Т.Сыздықов кез-келген даулы мәселені медиация арқылы реттеудің артықшылығына тоқталып, аудандық және ауылдық округ әкімдіктерінде кәсіби емес медиаторлар кабинетінің ашылуындағы тиімді тұстарын атап өтті. Бүгінде Қамысты ауданының алты ауылдық округінде тоғыз кәсіби емес медиатор ерікті түрде жұмыс істеп, ауыл тұрғындарына даулы мәселелерді реттеуге ықпал етіп жүр. Азаматтар кәсіби және кәсіби емес медиаторлар туралы мәліметті аудандық және ауылдық әкімдіктерден біле алады.

Осы күні шараға қатысушылар Қамысты ауданының және Свердлов ауылдық округінің әкімдіктері ғимаратында медиация кабинеттерінің ашылуы рәсіміне қатысты. Қазір ауданда үш медиация кабинеті жұмыс істеуде.

Кездесуге қатысқан өзге ауылдық округтер мен ауыл әкімдері тұрғындар арасындағы келіспеушілік пен даулы мәселелерде олардың бітімгершілікке келуіне жағдай жасап, ауылдық әкімдіктерде медиация кабинетін ашуға ықпал ететіндіктерін атап көрсетті.    

Шараны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Г.Ахметчин медиация институтының қазақ тарихында болған билер соты институтына  ұқсастығын атап өтіп, қазақ даласындағы құқықтық нормаларды тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен реттеген билер беделінің үстем болғанына тоқталды.

Бүгінде Қостанай облысы бойынша жергілікті әкімдіктер жанынан 23 медиаиция кабинеті ашылды. Алдағы уақытта да бұл жұмыс өз жалғасын табады.

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі