Қостанай судьялары медиацияны қолдану мәслелерін Ресей Федерациясының медиаторларымен талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облысының судьялары А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің базасында өткен «дөңгелек үстел» барысында медиация - дауды шешудің оңтайлы түрі ретінде талқылады.

Аталған шара медиация институтының дамуы барысында тәжірибе алысу мақсатында ресейлік медиаторлардың онлайн-режимінде қатысуымен өтті. Тақырыпты талқылауға Ресей Федерациясының Сібірлік конфлитология орталығының директоры Марат Авдыев, кәсіби медиаторлар, заң факультетінің оқытушылары, білім саласының қызметкерлері, ҮЕҰ өкілдері мен студенттер қатысты.

Медиация төңірегіндегі өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан мен Ресейдегі медиация институтының дамуы барысында тәжірибе алысу мақсатында дөңгелек үстелге ресейлік медиаторлар да онлайн-режимінде қатысты.

«Қостанай облысының медиация орталығы» ЖМ директоры Құралай Ахмединова азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда медиацияның маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сот медиациясы туралы кеңінен баяндаған Қостанай облыстық сотының судьясы Гүлманат Артықбаева 2016 жылдың 12 айында облыста 923 қылмыстық, 1902 азаматтық, 893 әкімшілік іс қаралғанын, бұл көрсеткіштер бітімгершілік шараларын қолданудың артқанын байқататынын мәлімдеді. Бұған қоса, республикада медиация дамуының сатыларына тоқталған судья, биылғы жылдан бастап даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаның іске асырылып жатқандығын айтты.

Азаматтық істердің қай санаттарына медиацияны қолдану міндетті болып саналатындығы туралы түсіндіріген судья бұл міндетті орындау тараптардың емес, судьяның жұмысы екендігіне тоқталды.   

Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты медиацияны қолданудың ерекшеліктері мен тәжірибесі туралы ювеналдық сот судьясы Қарлығаш Шармұхамбетова баяндады. Оның сөзінше, 2012 жылдары азаматтар медиацины қолданудан бас тартып, бітімгершілікке келуді тиімсіз іске балайтын. Кейін, медиация жиі қолданыла бастаған соң азаматтар оны қолдану арқылы дауды реттеуді жөн көретін болған.  Судья келтірген  мәліметтер бойынша, 2015 жылы ювеналдық сотта тараптардың бітімгершілікке келуімен 32 азаматтық іс қаралса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 42-ге жеткен.

Қазақстандық әріптестерімен тәжірибесімен бөліскен Ресей Федерациясының Сібірлік конфлитология орталығының директоры М.Авдыев Қазақстанға қарағанда Ресейде медиацияны қолдану бойынша жетістіктердің басым емес екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол медиация өз бастауын патшалық кезеңнен алғандығына тоқталып, көпестер даулы жағдайда қоғамда беделі жоғары болған билер сотына жүгінгендігін  айтты.

Ресейлік маман кей даулы жағдайларды шешуде өз тәжірибесінен де мысалдар келтірді. 

«Дөңгелек үстел» барысында тараптардың бірі агрессор болған жағдайда  медиацияны қолданудың қауіпсіздігі жайы да талқыға түсті. Бұл жағдайда тараптарды бітімгершілікке келтіру рәсімін дыбыс-бейне жазу құрылғысын қолдану арқылы жүргізу керектігі және медиаторда дабыл басқыш тетігі болуы керектігі айтылды.

Шара нәтижесі бойынша қатысушылар пікір алмасып, медиация қалыптасу кезеңінен өткен соң бітімгершілікке келтіру кең ауқымда қарқын алады деген тоқтамға келді.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі