Қостанайда судьялар Жоғарғы Соттың пилоттық жобаны іске асырудың кей мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облыстық соты «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру. Бітімгершілікке келтіру рәсімдеріндегі проблемалық мәселелер» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

«Дөңгелек үстел» жұмысына азаматтық істерді қарайтын облыс судьялары, прокуратура, «Қостанай облысының медиаторлар ассоциациясы» ҚБ, сақтандыру компаниясы өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, нотариат палатасы, коммуналдық қызмет, еңбек инспекциясы, қорғаншылық және қамқоршылық органы мен банк қызметкерлері қатысты.

Шара модераторы облыстық сот судьясы С.Нуров тақырыптың өзектілігін атап өтті.

Облыстық соттың бітімгершілікке келтіру рәсімдері бойынша үйлестіруші судьясы А.Нұрлымбаева пилоттық жоба екі бағытта, яғни, ұйымдастырушылық және ақпараттық бағыттарында іске асырылатынын мәлімдеді. Екінші бағытқа кеңінен тоқталған судья, пилоттық жобаны жүзеге асыруда оны бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттап, халықты таныстыру керектігін айтты. Сонымен қатар, судья қатысушыларға жоба ережесіне сай медиацияны жүргізу тәртібін баяндады.

Ювеналдық сот судьясы Ж.Метаев облыстың кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотында медиацияның белсенді қолданылып жатқандығын айтты. Өткен жылы сотқа жеткен азаматтық істердің барлығы дерлік арнайы шақырылған медиаторлардың көмегімен өндірістен тоқтатылған. Баланың тұрғылықты жерін анықтауға қатысты 21 азаматтық іс медиация тәртібімен қаралған.  Өз сөзінде, судья Ж.Метаев қорғаншылық және қамқоршылық органында тараптар арасында медиативтік келісімді бекіту құқығы болса деген ұсыныс жасады. Мәселен, баланың тұрғылықты жерін, ата-ананың бірімен кездесу тәртібін реттеу ісін сотқа жеткіздей, аталған органда медиативтік келісім арқылы реттелсе деген ойын ортаға салды.

Еңбек дауларында міндетті түрде медиацияны қолдану жайын талқылаған шараға қатысушылар, бұл дауды реттеп қана қоймайды, сонымен қатар, бітімгершілікке келу барысында жұмыс беруші мен жұмыскердің бір деңгейде болуын қамтамасыз етеді деп есептейді.

Бұл тұрғыда, облыста қоғамдық талқылауға ие болған, жергілікті жылу-энерго компаниясының қызметкерлері арасындағы еңбек дауы  мысалға алынды. С.Нуров міндетті медиация рәсімін қолдану арқылы шешілетін даулар осы тұста мол екенін тілге тиек етті.

Жер телімдерінің аумағын анықтау, пәтерге су ағызу сынды көршілер арасында жиі туындайтын жанжалда, үйден шығару және т.б. дауларда медиацияны қолдану міндеті бойынша сөз алған Қостанай қалалық сотының судьясы Т.Жолкенова әдетте, мұндай даулар заңгер қызметіне төлейтін қаражаты  шамалы егде жастағы тұрғындар арасында туындайтынын айтты. Сотта істі соттық талқылауға дайындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады және осы сатыда азаматтарға медиация өткізу ұсынылады. Алайда, көп жағдайда тараптар бас тартып жатады.

Судья медиация міндетті түрде қолданылатын істер бойынша шетелдік сот тәжірибесінен мысалдар келтірді. Мәселен, Германияда тараптар сотқа дейін медиация рәсімін өткізбейінше сотқа шағымдары қабылданбайды. Ал Францияда қоғамдағы жанжалды азайтуға бағытталған «әлеуметтік медиация» деген ұғым бар. 

Шараға қатысушылар республикада медиацияны өткізу тиімділілігін арттыруға медиаторлардың кәсіби біліктілігі төмен болуы әсер етіп отырғандығын айтты. Осы себепті азаматтар бітімгершідікке келуден бас тартады.

Нотариат палатасының өкілі олардағы істер көбіне даулы мәселеге жатпайтындығын және медиация қолдану қажеттілігінің жоқтығын айтты. Бұған, судья А.Нұрлымбаева нотариалдық сенімхатта «бітімгершілік келісім» терминімен қатар «медиация» терминін енгізуді ұсынды.

«Қостанай облысының медиаторлар ассоциациясы» ҚБ президенті С.Богатырев судьялар тарапынан медиацияның жүргізілу жарамдылығы бойынша ойын білдірді. Оның сөзінше, сотта жасалған медиациялық келісімнің заңды күші жоқ. Себебі, судьялар кәсіби медиаторлар тізімінде жоқ. Алайда, судьялар қойылған міндеттерді өте жемісті орындап келеді. Германияда медиатор-судьялар арнайы білім алу курсынан өтеді. Осы себепті, судьялар  медиативтік емес бітімгкершілік келісім жасайды. 

Медиацияны қолдану бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, «дөңгелек үстелге» қатысушылар мемлекет пен қоғам игілігі үшін тұрғындар арасындағы адами қарым-қатынасты сақтауда даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны сапалы жүзеге асыру керек деген ойларын ортаға салды. 

Шара нәтижесі бойынша тиісті ұсыныстар жасалды.

Қайнар: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі