Жоғарғы Сотта заңды тұлғаны тарату және мемлекеттік тіркеудің күшін жою мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров салық заңнамасын қолданудың жекелеген мәселелерін талқылау бойынша «дөңгелек үстел» өткізді.

«Дөңгелек үстел» жұмысына жоғарғы сот органының судьялары, ғылыми қауымдастықтың, Бас прокуратура, Әділет, Қаржы министрліктерінің өкілдері қатысты.

Форум қатысушылары заңды тұлғаны тарату, тіркеудің күшін жою және онымен жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану мәселелерін талқылады. Жалған кәсіпорындар бойынша үкімдердің күші жойылған жағдайда салық органдары хабарламаларының күшін жоюға байланысты мәселелер де сөз болды.

Е.Әбдіқадыров іс-шараны аша келе, Жоғарғы Сот өз құзыреті шегінде азаматтық құқықтық қарым-қатынастардың әділдік пен ақылға сыйымдылық қағидаларына сай келетін тұрақты сот және құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыру бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қосымша қорғау мақсатында барлық мүдделі тұлғаларды тыңдауға әзір екендігін айта келе, ол Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды алғышарты ретінде реттеу ортасын жақсарту және мемлекеттік басқарудың сапасын одан әрі арттыру туралы Мемлекет басшысының Шетелдік инвесторлар кеңесінде сөйлеген сөзін еске салды.

Е.Әбдіқадыров заңды тұлғаларды тарату, тіркеудің күшін жою, құқықтық салдарын және олармен жасалған мәмілелердің тағдырына әсері бойынша құқық қолдану тәжірибесіне қатысты мәселелердің маңыздылығын  атап өтті. «Бұл мәселе азаматтық айналымның тұрақтылығына қатысты. Соттар заңды тұлғалардың тіркеуін жарамсыз деп танудың құқықтық салдарын реттейтін жеткілікті нормалар болмаған кезде, шешу жолдарын, қоғамның, мемлекеттің және құқықтары бұзылған тұлғалар мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, өз бетінше іздеуге мәжбүр», - деді ол.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Нұрлан Сұлтанов осы санаттағы істерді қарау тәжірибесімен бөлісті.

Каспий университетінің Жеке құқық институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Фархад Қарағұсов осы мәселе бойынша өз пікірін білдірді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуінің күшін жою туралы Олег Савеленко және Бас прокуратураның азаматтық істер және атқарушылық іс жүргізу бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау басқармасының аға прокуроры Әсел Шеркенова өз ойларын ортаға салды.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары заң қолдану тәжірибесінде салық және азаматтық заңнаманы қолдану мен түсіндіру барысында туындайтын мәселелерді талқылады.

Отырыста маңызды мәселелер қызу талқыланды. Іс-шара судьялар, бизнес қауымдастық және мемлекеттік органдардың өкілдері үшін пайдалы болды. 

Источник: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі