Астанада есірткі және экономикалық қылмыстар, экстремизм және терроризм бойынша құқық қолдану практикасы талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Заңгерлердің америкалық қауымдастығы (ABA ROLI) өкілдігінің қолдауымен «Қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіру мәселелері. Қылмыстық істердің және бұйрық арқылы іс жүргізудің жекелеген санаттары бойынша құқық қолдану практикасы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

Іс-шараға Бас Прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері, ғылыми және практикалық мамандар қатысты.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы  Абай Рахметулин форумды аша келе: «Сайттардағы белгілі бір сөз сөйлеулерге және аудио, бейнефайлдарға «репост» немесе «ұнады» белгісін қойғаны үшін неге олар экстремист деп танылып, жауаптылыққа тартылады?» немесе «Егер құқық қорғау органдарының өздері заң жағынан сауатсыз және салдарын анық түсінбейтін адамдарды оған итермелейтін болса, экономикалық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін қылмыстық қудалауға неге душар етеді?» деген сияқты сұрақтар қоғам үшін өзекті», - деді. Ол кездесуге қатысушыларды бірыңғай сот-тергеу практикасын қалыптастыруға және осы бағытта орын алған қауіптер мен жауаптылық мәселесін қоғамның назарына жетізуге шақырды.

А.Рахметулин экстремизм мен терроризмді адамзат үшін ең қауіпті қатерлердің бірі деп атады. Оның айтуынша, бұл заманауи індет біздің қоғамда да таралуда. А.ж. 9 айда үкім шығарыла отырып терроризм бойынша 57 және экстремизм бойынша 83 қылмыстық іс қаралғаны атап өтілді.

Осы ретте Жоғарғы Соттың судьясы Ерден Әріпов терроризм әрекеті адамдардың құрбан болуына, айтарлықтай мүліктік залал келтіруге, не өзге де қоғамға қауіп төндіретін жарылысты, өрт қоюды немесе өзге де әрекеттерді тікелей жасауда ғана емес, көрсетілген әрекеттерді жасау қаупінде де көрініс табуы мүмкін деп атап өтті. Бұл ретте, «әрекеттерді жасау қатері» тікелей, үшінші адамдардың айтуы арқылы немесе ақпараттық-коммуникациялық желілер арқылы таратумен көрініс табуы мүмкін.

Таллин округтік сотының қылмыстық алқасының және Eurojust қадағалау органының судьясы Павел Гончаров пен Ақтөбе облыстық сотының судьясы Зинаида Шмирова істің мұндай санатын қарау ерекшеліктеріне қатысты пікірімен бөлісті.

 Жұмысты нақты орындамастан шот-фактураларды жазып беру бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың анықталуы мен тіркелуінің айтарлықтай өсуіне байланысты экономикалық қылмыстар қатары жиілеуде. Бұған жалған кәсіпкерлікті қылмыстық сипаттан арылту алғышарт болып табылады. А.Рахметулиннің пікірінше, бұл құқық бұзушылықтар әлеуметтік-экономикалық дамуға, нарықтық экономиканың қалыптасуына және инвестицияларды ынталандыруға кері әсер етеді, сондай-ақ демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына зиян келтіреді.

Жоғарғы Сот судьясы Асқаржан Кенжеғарин экономикалық құқық бұзушылықтар үшін жаза тағайындау бойынша тәсілдердің өзгертілгені, жазаның баламалы түрлерінің белсенді қоланылуы және адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстардың нәтижелері туралы айтып берді. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті тергеу басқармасының басшысы Әскер Әлиев және Бас прокуратураның өкілі Аслан Аталықов экономикалық қылмыстар бойынша сот-тергеу практикасы туралы сөз сөйледі.

Жиында қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа нысаны – бұйрық арқылы іс жүргізу туралы  да айтылды. Аталған институт күдіктілер өз кінәсін мойындаған және дәлелдемелерге дау айтпаған кезде процестік уақытты үнемдеу мақсатында енгізілді.

А.Рахметулин бұйрықтық іс жүргізу арқылы қаралған қылмыстық істер санының айтарлықтай өскенін (а.ж. 9 айда соттарға 641 немесе теріс қылықтар және ауырлығы онша емес қылмыстар бойынша барлық істердің  4,2%  келіп түскен) атап өтті. Ол оның басымдықтарының жеткіліксіз түсіндірілуіне назар аударды. Спикер бұл жағынан соттардың жүгін жеңілдету қылмыстық теріс қылықтар үшін айыппұл мөлшерін айтарлықтай төмендетуге ықпал ететіндігін атап өтті.

Бұйрық арқылы іс жүргізу мен құқық қолдану практикасының ерекшеліктері туралы Р.Жақыпов, Жоғарғы Соттың судьясы Лаура Ағыбаева және Батыс Қазақстан облыстық сотының алқа төрағасы Ақан Жұмағұлов сөз сөйледі.

Есірткілердің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар есірткі бизнесімен айналысатын адамдарға қатысты жиі ашыла бермейді. Негізінен, нашақорлар мен ұсақ өткізушілер жауапқа тартылады, оларды соттау есірткі айналымы деңгейін төмендетуге айтарлықтай әсер етпейді. Сотқа дейінгі тергеу органдары өкілдерінің заң талаптарын бұзушылықтарға жол беру фактілерін соттардың анықтағанын атап өтті.

Есірткі қылмыстары бойынша заңнаманың қолданылу ерекшеліктері туралы Р.Жақыпов және Жоғарғы Соттың судьясы Жанна Волкова сөз сөйледі.

А.Рахметулин «дөңгелек үстел» жұмысын аяқтай келе, өзекті тақырыптарды талқылау, нақты ұсынымдар беру қоғамның қылмыстық процесті жүргізетін барлық органдарға деген сенімін арттыруға ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі