Жаңадан құрылған оқу орталығы өз жұмысын бастады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Павлодар қалалық сотында жаңадан құрылған оқу орталығы өз жұмысын бастады. Бұл жаңашылдықты енгізу кездейсоқ жүзеге асырылып отырған жоқ. Судьялар құрамының ішінен  34%-ның жұмыс өтілі кемінде үш жыл, ал 38% -нда кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар. Павлодар қалалық соты облысымыздағы азаматтық істерді қарау бойынша базалық сот болып табылатындықтан және әртүрлі санаттағы арыздар мен талап арыздардың көптеп түсуіне байланысты судьялар үшін тұрақты түрде өз білімін қарқынды түрде жетілдіру қажеттігі туындайды. Сот жүйесіне инновациялық технологияларды, атап айтқанда  құжат айналымының талондық жүйесін және «Сот кабинетін» енгізу барысында тәжірибесінің аздығына қарамастан, судьялардан азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген мерзімдерде келіп түскен істерді, талап арыздарды және сот бұйрығын шығару туралы арыздарды тиісті түрде және мерзімінде қарау үшін белгілі бір дағдылар талап етіледі.   

Алғашқы семинарлық сабақта дауды шешуде және істі қарау барысында маңызы зор, ҚР АІЖК-нің 153-155-баптарымен реттелетін талап арызды сот іс жүргізуіне қабылдау мәселесі сөз етілді. Заңда белгіленген дауды алдын ала сотқа дейін шешудің тәртібін сақтауды қажет ететін санаттағы істер жете талқыланды. Сонымен қатар, талап арыздарды қабылдаудан бас тарту, қайтару және қозғалыссыз қалдыру негіздері сараланды.

Сот жүйесінде белгілі бір жұмыс тәжірибесі бар судьялар қатарынан таңдап алынған модераторлар мен тәлімгерлер, жас әріптестерінің ойын ескере отыра, тұрақты түрде өтетін келесі сабақтардың тақырыптарын анықтады. Бұл жоба оң нәтиже беретіні сөзсіз. 

Қайнар: 
Павлодар қалалық сотының баспасөз қызметі