Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы аудандық соттарға жұмыс сапарының барысында азаматтарды қабылдауды жүргізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов облыстың аудандық соттарына танысу жұмыс сапарының барысында Жамбыл, Мамлют, Айыртау аудандық соттарында және Айыртау ауданының №2 аудандық сотында болды.

Барлық аудан орталықтарында аудан белсенділерімен кездесу өтті. Жиналыста Е. Айтжанов заңның үстемдігін қамтамасыз ету және татуластыру рәсімдерін қамтамасыз ету бөлігінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелері туралы сөз сөйледі. 

Тоқталып өтсек, төраға  Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жүргізген бастамашыл, кешенді және жүйелі жұмыстың нәтижесінде сот жүйесін түбегейлі жаңғыртуға қатысты «Заң үстемдігі» институционалдық реформасында қарастырылған маңызды қадамдар қазіргі уақытта практикалық жүзеге асқанын атап өтті.

Ерлан Айтжанов соттар процестің барлық кезеңінде татуласуға септігін тигізуі қажет екенін атап көрсетіп, татуластыру рәсімдерін және дауды шешудің балама түрлерін кеңінен қолданудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.

Облыстық соттың төрағасы аудан әкімдіктерінің жанындағы медиация кабинеттеріне барды, кәсіби емес медиаторлармен әңгімелесті.

Жұмыс сапарының барысында Е.Айтжанов сот ғимараттарында азаматтарды қабылдады, аудандардың кәсіпкерлері мен тұрғындарының барлық сұрақтарына толық жауап берілді.

Бөлек тоқталатын сұрақтар бойынша облыстық соттың төрағасы нақты тапсырмалар берді.

Аудандық соттардың ұжымымен 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін іске асыру қорытындылары бойынша жиналыс өткізілді, жұмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Кездесудің соңында Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Е.Айтжанов сот ұжымдарына азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғау жұмысында жетістіктерге жету туралы тілек білдірді.

Бұдан әрі облыстық сот төрағасы барлық аудандық және оған теңестірілген соттарға барады деп жоспарланған.

 

Источник: 
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі