Семейде жемқорлықтың алдын-алу және күресу бойынша азаматтық қоғам және мемлекеттік орган жұмыстарын күшейту тақырыбында өңірлік тәжірибелік семинар өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Семей қаласында өткізілген семинарда жемқорлыққа қарсы жұмыстардың нәтижелері  талқыланды.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Д.Әміров, Семей қаласының әкімі Е.Сәлімов, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері әрі жемқорлыққа қарсы күрес бойынша департаментінің басшысы Т.Жұмағұлов, Шығыс Қазақстан облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті демартаментінің басшысы Х. Қарабалинов, Семей қаласындағы барлық соттардың төрағалары, Семей қаласының әкімшілік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде: «Жемқорлық жойылады әрі жойылуы тиіс. Жемқорлыққа қарсы күрес мемлекетіміздің даму басымдықтарының бірі болып табылады. Толығымен жемқорлықты тұсаулаған  мемлекет құқықтық ел атануға құқылы. Қазіргі таңда біз жемқорлық әрекеттерден түбегейлі бас тарту жолындамыз. Бұған жергілікті орындарда және жалпымемлекеттік көлемде жемісті де түбегейлі түрдегі жұмыстар ықпал етуде», - деген ойды айтып келеді.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Д.Әміров жемқорлық қылмыстар үшін жазаға тартылғандар бойынша статистикалық мәліметтерді атап өтті. Айталық, 2016 жылдың 5 айында барлығы 23 адам сотталған, оның 7-еуі бас бостандығынан айырылса, 3-еуі бостандығынан шектелсе, 13-іне айыппұл салынған. Аталған кезең бойынша былтырғы жылдың көрсеткіші төмендегідей: барлығы 21 адам сотталған, 9-ы бас бостандығынан айырылған 4-еуі шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан, 1 адам бас бостандығынан шектеліп, 7-еуіне айыппұл тағайындалған. Көрсеткіштерден жемқорлық қылмыстардың артып отырғандығын байқауға болады.

2016 жылдың 5 айындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, жемқорлық сипаттағы әрі мемлекеттік саламен байланысты қылмыстар төмендегідей: әкімдікте – 9, ІІД – 6, білім беру саласы – 1, әділет басқармасы – 1. Ал, 2015 жылдың 5 айындағы көрсеткіштерге келсек: әкімдік – 9, ІІД – 7, білім беру саласы – 1, әділет басқармасы – 2, орман шаруашылығы – 1.

Іс-шара соңында қатысушылар жемқорлыққа қарсы күрес заңдылығының орындалуына бақылауды күшейту қажет деген тұжырым жасады.

Источник: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі