Қызылорда облыстық сотында «Азаматтық істер бойынша сот шешімін дайындау әдістемесі» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар басталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қызылорда облыстық сотында «Азаматтық істер бойынша сот шешімін дайындау әдістемесі» тақырыбында екі күндік ғылыми-практикалық семинар басталды.

Семинардың негізгі ұйымдастырушылары Қазақстандағы Америка заңгерлер қауымдастығының  Өкілділігі мен Қазақстан Республикасының Судьялар Одағы болып табылады.

Іс-шараға Қызылорда облыстық сотының алқа төрағалары, облыстық соттың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, жаңадан тағайындалған судьялар мен Қызылорда облыстық сотының кеңсе басшысы, кеңсе басшысының орынбасары және БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының төрағасы Серік Қатенұлы Байбатыров, ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы Николай Иванович Мамонтов, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының отставкадағы судьясы Инесса Зайноллақызы Қуанова және Қазақстандағы Америка заңгерлер қауымдастығы Өкілділігінің басшысы Шолпан Жеңісқызы Ташмухамбетова спикерлер ретінде семинарды жүргізді.

         Қызылорда облысы соттарының жұмысына оң баға берген Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының төрағасы С.Байбатыров: «Бұл семинардың өтуі өте маңызды. Біз жас судья болған кезде, осылай дәріс оқып, үйретер ешкім болған жоқ. Сіздерге баяндама оқитын ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы Николай Иванович Мамонтов заң саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған. Жас судьялар тарапынан қойылған қандай сұраққа болсын жауап беруге, тәжірибесімен бөлісуге дайын», -   деді.

Ғылыми-практикалық семинарда сөз сөйлеген облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі алқа төрағасы Қайрат Төлепбергенұлы Адранов: «Семинардың біздің облысымызда өткізілуі - жас судьялардың қажырлы еңбек етуіне, біліктілігін арттыра түсуіне бағытталған жаңалық. Облысымызда 65 судья қызмет атқаруда. Олардың ішінде, семинарға қатысып отырған 22 жас судья бар. Бүгінгі жиын олардың сот төрелігін әділ жүргізу үшін тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді», - деді.

Қ.Адранов ұйымдастырушылар мен отставкадағы судьяларға шексіз алғысын білдірді.

Семинардың екінші бөлігі 22 қазанда Қызылорда облыстық сотында жалғасады.

Источник: 
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі