Қостанай облыстық соты мен облыс әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Облыс әкімдігінің ғимаратында Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арасында өзара ынтымақтастық мәселелері бойынша меморандумға қол қойылды.

Қол қою рәсіміне облыс әкімінің орынбасарлары, әкім аппаратының басшысы, сонымен қатар облыстық соттың судьялары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Меморандум дауларды сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу институттарын жан-жақты дамытуды белсенді енгізу, ақпараттық технологияларды сот өндірісінде кең қолдану, сонымен қатар алқабилерге кандидаттардың тізімін қалыптастыру саласында өзара ынтымақтастық мақсатында жасалды.

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдағаннан бастап, 2011 жылдан 2016 жылғы маусымға дейін облыс соттарында қылмыстық істер бойынша - 3 147, азаматтық істер бойынша - 2 169,  әкімшілік істер бойынша 2 824 медиативтік келісімдер бекітілген. 

Қостанай облыстық сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев  бітімгершілік шараларын кең қолдану саласында жасалып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттары туралы айтып берді. Ауылдық әкімдіктердің жанында сот медиациясы кабинеттері мен пункттері ашылып жатқаны, облыстық соттың ардагер судьяларының, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің ішінен медиаторлар тобы құрылғаны сөз болды. Сот төрағасы айтқандай, көп жағдайда медиация бітімгерші-судьяның қатысуымен қолданылады, ол өте тиімді жол.

Облыс әкімі А.Мұхамбетов  бітімгершілік рәсімдерінің арқасында сот дауларының саны азаюда, ал азаматтар дауды бейбіт жолмен шешуде деп атап көрсетті. «Осы бағытта атқару және сот органдары ғана емес, сонымен қоса қоғам да жұмыс істеу керек, БАҚ медиация институттарын үгіттеу керек. Осы мақсатта іс-шаралар жоспары бекітілген» -деді.

А.Мерғалиев облыстың барлық сот корпусы атынан әкімге қоғамның пайдасына біріккен жұмыстарды  қолдағаны үшін алғыс айтты.

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі