Қазақстан Республикасының инвестициялық даулар және төрелік туралы заңнаманың жаңашылдықтары талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Астана қаласындағы «Rixos» қонақ үйінде Қ.Мәмидің төрағалығымен «Инвестицияларды қорғаудың институционалдық тетіктерін жетілдіру. Қазақстан Республикасының инвестициялық даулар және төрелік туралы заңнаманың жаңашылдықтары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, судьялар, Парламент депутаттары, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасының, ұлттық даму институттары мен халықаралық заң фирмаларының өкілдері қатысты.

Іс-шараға «Тенгизшевройл», «Лукойл», «Қазақмыс корпорациясы», «Аджип Карашығанақ Б.В.», «Орал Ойл Энд Газ», «Шұбаркөл көмір», «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «СП КАТКО», «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» сияқты ірі инвесторлардың өкілдері шақырылды.

«Дөңгелек үстелдің» ашылу рәсімінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі.

«Дөңгелек үстелде» сөйлеген сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы: «Қазіргі заманда инвестициялық қызмет кез-келген мемлекеттің экономикалық өсуінің маңызды алғы шарты болып табылады. Қазақстан инвестициялық тартымдылықты арттыруға айрықша мән беріп отыр», - деп атап өтті.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 23-қадамын іске асыру шеңберінде а.ж. қаңтардан бастап Жоғарғы Сотта инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізілуде. Бұл сот жүйесінің бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі ерекше рөлін айғақтады. Аталған дауларды қарау тәртібі жаңа Азаматтық процестік кодекс арқылы реттеледі. Бұған қоса, Жоғарғы Сотта 12 беделді шетелдік және қазақстандық заңгерлер мен ғалымдардан құралған Халықаралық кеңес құрылды.

  Сонымен қатар, Қ.Мәми өз сөзінде қазіргі таңда дауларды шешудің баламалы түрлері, соның ішінде төрелік халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда «Төрелік туралы» жаңа заң әзірленіп, қабылданды. Ол отандық төрелікке кәсіпкерлер мен инвесторлардың қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Онда «Халықаралық сауда төрелігі туралы» ЮНСИТРАЛ типтік заңының қағидаттары ескерілген.

«Дөңгелек үстел» жұмысы екі сессия бойынша өтті.

Біріншісі – «Инвестициялық дауларға қатысты сот ісін жүргізудегі заңнамалық жаңашылдықтар» деп аталады.

Аталған сессияның шеңберінде инвестициялық дауларды шешудің мәселелері мен келешегі, инвесторлардың мәртебесін анықтау, инвестицияларды құқықтық қорғауды қамтамасыз етудегі уәкілетті мемлекеттік органдардың рөлі, салық даулары бойынша сотқа дейінгі апелляцияның тетіктерін қайта қарау, жер қойнауын пайдалану туралы заңнама бойынша мәселелер қаралды.

Сонымен қатар, инвесторлардың қатысуымен болатын даулар бойынша қазақстандық соттардың юрисдикциясы туралы Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңес мүшесі Куртис Мастерс баяндады.

Екінші сессия – «Төрелік туралы заңнаманың жаңашылдықтары» тақырыбында өтті.

Аталған секцияның шеңберінде «Төрелік туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңының нормалары талқыланды. Азаматтық дауларды тиімді шешу мақсатында қазақстандық соттар мен төреліктердің өзара іс-әрекетін жақсартуға ерекше мән берілді.

«IUS» халықаралық төрелік төрағасының орынбасары Игорь Грешников Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының институционалдық төреліктің даму болашағы мен тәжірибесі туралы сөз сөйледі. Халықаралық фирмалар өкілдері өз баяндамаларында төрелік туралы заңнамадағы жаңа жаңашылдықтар мен төрелік шешімдерінің орындалуы туралы айтты. Бұған қоса, жаңа заң шеңберіндегі коммерциялық төрелік және инвесторларды төрелікте қорғаудың өзекті мәселелері бойынша егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды.

«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар бағдарламада көзделген барлық мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасты. Іс-шараның қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі