Сот жүйесінің өкілі «Тіл шебері - 2017» республикалық конкурсының бас жүлдесін иеленді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Тіл шебері - 2017»  республикалық конкурсына сот жүйесінің атынан қатысқан Есіл аудандық сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы Нұрдәулет Арыстанбеков жоғары марапат – бас жүлдеге және үздік полиглот атағына лайық деп танылды. Оған лауреат дипломы мен ақшалай сыйлық табысталды.

Конкурстағы жүлделі орындар Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық Банктің, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік  қорғау министрліктерінің өкілдері арасында бөліске түсті. Ынтыландыру сыйлықтарына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Әділет министрлігінің қызметкерлері ие болды.

Мұндай шешімді филолог ғалымдардан құрылған білікті қазылар алқасы шығарды. Қазылар алқасының төрағасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Ардақ Бейсенбай конкурстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және қатысушылардың тілдік құзыретінің артқанын атап өтті.

Қызықты конкурстық тапсырмалар мен тартысты өткен бәсекеде республикалық деңгейдегі 19 мемлекеттік органның қатаң іріктеуден өткен өкілдері өз  білімдері мен шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетті. Байқау барысында қатысушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейі, ұлттық тарих пен мәдениет бойынша дүниетанымы, үш тілде орфоэпиялық нормаларды дұрыс дыбыстауы, тіл мәдениеті мен сахналық шеберлігі сарапқа салынды. Тапсырмалар рухани жаңғыру, ұлттық бірегейлік, латын графикасына көшу, сондай-ақ білім берудің қазіргі заманғы жүйесінің маңыздылығы секілді өзекті мәселелерге арналды.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен «Тіл шебері - 2017» республикалық конкурсы өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған маңызды міндеттерді іске асыру және Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылған осы іс-шара мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын жүзеге асыруға бағытталған.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі