Қайрат Мәми Ақтөбе облысының активі мен судьяларына облыстық соттың жаңа төрағасын таныстырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Ақтөбе облыстық сотындағы өңірдегі судьялардың кеңейтілген кеңесінің жұмысына қатысты.

Іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының төрағалары Ерлан Айтжанов пен Мұратқали Әкетай қатысты. Бұған қоса, облыс активі, өңір судьялары, Судьялар одағы филиалы мен Соттар әкімшісінің басшылары қатысты.

 Кеңесте Қ.Мәми заңға сәйкес Е.Айтжановтың облыстық сот төрағасы лауазымындағы бес жылдық мерзімінің аяқталғандығын және ағымдағы жылғы 20 маусымдағы Президент Жарлығымен Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметіне Мұратқали Әкетайдың тағайындалғанын мәлімдеді.

Жоғары сот органының төрағасы жаңадан тағайындалған облыстық соттың төрағасын білікті заңгер әрі тиімді басшы ретінде таныстырды. М.Әкетайдың облыс прокурорының орынбасары, облыстық соттың алқа төрағасы және Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы лауазымдарындағы жұмыстары аталып өтілді.

Қ.Мәми облыстың сот жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Е.Айтжановқа алғыс білдірді. Мемлекет басшысының Жарлығымен ол Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Кеңес шеңберінде облыс соттары қызметінің, Сот әдебі жөніндегі комиссияның және Судьялар одағы филиалының ағымдағы жылғы 5 айдағы жұмысының қорытындылары талқыланды. 

Жоғарғы Сот Төрағасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көзделген шараларды іске асыру шеңберінде еліміздің сот жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар туралы айтып өтті.  

Атап айтқанда, сот төрелігі үш буынды жүйеге көшті. Жоғарғы Соттың жанында инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа мен Халықаралық кеңес құрылды. Азаматтық сот ісіне прокурордың қатысуы шектелді, тергеу судьяларының соттылығы кеңейді.  

 Біліктілік талаптары мен судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеу механизмдері күшейтілді. Психологиялық тестілеудің рөлі күшейтілді, полиграфологиялық зерттеу енгізілді. Жоғары сот кеңесі дербес аппараты бар автономды мемлекеттік мекеме ретінде түбегейлі реформаланды, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясы өз жұмысын жаңа мәртебеде бастады. 

Соттарда аудиобейнетіркеу жүйесін енгізу мен қолдану бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Айталық, ағымдағы жылдың 5 айында респубика бойынша 310 405 сот процесі тағайындалып, оның 84% АБТ жүйесін қолдану арқылы қаралды.

 Қ.Мәми ағымдағы жылдың күзінде судьялардың съезінде қабылданады деп жоспарланып отырған жаңа Әдеп кодексі жобасының әзірленгендігін айтты. 

Кодекс жобасы республиканың судьялар қауымдастығымен келісілді және Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды. Ол бойынша Еуропалық Кеңестің Венециялық комиссиясы сарапшыларының қорытындысы алынды.  

Жоғарғы Сот Төрағасы ағымдағы жылдың 5-6 маусымында Ақтөбеде өткен оқиғалармен байланысты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ел Президентінің бірқатар нақты тапсырмаларына назар аударды. Атап айтқанда, экстремизм мен терроризмге, сондай-ақ қару-жарақтың айналымына қарсы іс-қимылды күшейту бойынша заңнамалық және өзге де шараларды пысықтау үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл шаралар көші-қон мен діни бірлестіктердің қызметін реттеу салаларына қатысты болып отыр. Жоғарғы Сот пен Ақтөбе облысының судьялары аталған мәселелер бойынша заңнаманы жетілдіруге белсенді қатысуы тиіс.

Қ.Мәми барлық маңызды мемлекеттік мекемелерді қорғауды күшейтуге, оларды қараудың заманауи құралдарымен, сапалы бейнебақылау жүйесімен жарақтандыру қажеттігіне назар аударды. Осы ретте аталған шаралар азаматтар үшін ыңғайсыздық туғызбауы тиіс.   

«Судьялар мен соттар аппараттары қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Әрине, мұндай жұмысты процеске қатысушылармен де жүргізу қажет. Осы бағыттағы ереже БАҚ-та кеңінен жарияланды. Оларды білу керек және құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет қызметкерлерінің осы жағдайдағы талаптарына түсіністікпен қарау керек», - деді ол.

Жалпы алғанда, соттар жұмысы үшін қажетті барлық жағдайдың жасалғандығы, соған сәйкес жұмыста оң нәтижелердің бар екендігі аталып өтілді. Осы ретте Ақтөбе облысының судьялар қауымдастығының алдына сот төрелігін жүзеге асыру және тұрғындар үшін соттардың қолжетімділігін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Кеңес шеңберінде Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, жаңадан тағайындалған облыс соттарының төрағалары, өңірдегі актив пен судьялар қауымдастығының өкілдері сөз сөйледі.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі