БҚО бойынша соттар Әкімшісі және ҚАЗИИТУ ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Студенттер сарайында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті және Батыс Қазақстан облысы бойынша соттар Әкімшісі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумға Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры Ақсерік Әйтімов және Батыс Қазақстан облысы бойынша соттар Әкімшісінің басшысы Рахымқұл Айтмағамбетов қол қойды.

Меморандумға қол қою салтанатына батыс өңірінің мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары, экономика ғылымдарының докторлары, доценттері мен профессорлары қатысты.

Меморандум "Қазақстан Республикасының құқықтық саясат Тұжырымдамасының" практикалық міндеттерін және принциптерін іске асыру, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету, оның зияткерлік әлеуетін арттыру және жаңа формациядағы заңгер кадрлар даярлау шеңберінде жасалды.

Тараптар нақты келісім-шарттар негізінде бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру жолымен ынтымақтастықты дамытуды қолдау, ғылыми ақпаратпен, ғылыми мақалалармен, еңбектермен алмасуға келісті. Ғылыми конференцияларға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге, аудио-, бейне-конференцияларға қатысуға және қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар негізінде бірлескен біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыруға, ақпараттық басылымдар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, электрондық оқулықтар шығару туралы сөз байласты. Жұмыс істеп жүрген судьяларды, сот жүйесі қызметкерлерін дәріс оқуға тарту, элективті пәндер бойынша оқу жұмыс жоспарларын келісу, оқу процесіне "Шешендік өнер", "Сот шешендігі" пәндерін енгізу туралы келісті. Университет студенттеріне Батыс Қазақстан облыстық сотының базасында тәжірибеден өтуге  ықпал ету, дуальды оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің Криминалистикалық орталығы базасында, көшпелі сот отырыстарын ұйымдастыру көзделген.  

Іс-шараға қатысушылар Меморандум облыс соттарының және білім беру мекемелері атынан ҚазИИТУ арасында одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың негізін салып, білікті заң кадрларын дайындауға ықпал ететіндігін атады.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі