Астанада республика судьяларының VII съезі өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Астанада ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен республика судьяларының VII съезі өтті.

Съезд жұмысына судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдері қатысты. Барлығы 600-ден астам делегат пен форум қонақтары.

Ресей, Қытай, Қырғызстан, Корея, БАӘ, Венгрия, Сингапур, Беларусь Жоғарғы Соттарының төрағалары, сондай-ақ Халықаралық судьялар қауымдастығының, Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің, ГФР судьялары бірлестігі мен Әзербайжан судьялары қауымдастығының басшылары мен өкілдері съезд қатысушыларына арнап өз құттықтау лебіздерін жолдады. 

Съезд жұмысының басталар алдында Мемлекет басшысына электронды сот төрелігінің жетістіктері, сондай-ақ Қазақстандағы сот билігінің қалыптасу тарихы туралы көрме таныстырылды. 

Съездің ресми ашылуынан соң қатысушыларға 2013 жылғы қарашада судьялардың VI съезі өткен сәттен бастап қол жеткізілген сот жүйесінің жетістіктері туралы деректі фильм көрсетілді.

Бұдан әрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйледі. Ол соңғы жылдары сот жүйесінің, соның ішінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру тұрғысындағы даму қорытындыларын шығарды, сондай-ақ еліміздің сот-құқық жүйесінің одан әрі дамуының басымдықтарын айқындап берді.

Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми өз сөзінде съезд ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде өтіп жатқандығын атап өтті. Осы жылдар ішінде Қазақстан демократиялық саяси-құқықтық жүйесі бар мемлекет ретінде қалыптасты, әлемдік аренада жоғары беделге ие болды. Мемлекет басшысының бейбіт және тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ғаламдық бастамалары мен нақты істері халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тапты. Ол мемлекеттік басқарудың негізгі органы ретіндегі сот жүйесін қалыптастыру мен реформалауға қосқан Тұңғыш Президенттің үлесін атап өтті.

«Соттар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа тұрпаттағы сот құрылымы мен сот ісін жүргізуді қалыптастыру бойынша стратегиялық мақсатты басшылыққа алды. Бүгінде мұндай сот жүйесі қалыптасты және табысты дамуда», - деді Қ.Мәми.  

Жоғарғы Сот Төрағасы тәуелсіздік жылдары ішіндегі сот жүйесін дамытудың бірқатар негізгі нәтижелерін атап өтті.

Соттардың тәуелсіздігі мен судьялардың мәртебесі айрықша бекітілді, сот құрылымы мен сот ісін жүргізуде түбегейлі өзгерістер орын алды. Төрелік соттарды тарату нәтижесінде құрылған шаруашылық істер жөніндегі алқаларды қосу жолымен Жоғарғы Сот пен облыстық соттар қайта құрылды. Кейінірек ТМД-ның басқа елдері Қазақстанның осы тәжірибесін басшылыққа алды.

Соттарды мамандандыру үрдісі іске асырылды. Республиканың барлық өңірлерінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар (2002 ж.), әкімшілік соттар (2004 ж.), қылмыстық істер жөніндегі соттар (2010 ж.), сондай-ақ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттар (2012 ж.) құрылды.

2000 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып сот ісін жүргізуге ақпараттық технологияларды енгізуді бастады. Нәтижесінде, тәуелсіздік жылдары қоғамда заңдарымыз жұмыс істеп, әрбір адамның құқықтық негізде өз мүддесін қорғауға деген сенімі нығайды. Азаматтардың соттарға жүгіну көрсеткішінің жыл сайын артып отырғандығы осыған айқын дәлел. Егер 1992 жылы соттар 270 мыңға жуық істі қараса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 4 есе артып, яғни 1,1 миллионнан асты. 

          Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру нәтижесінде түрмедегілердің саны           3 есе қысқарды. Егер де 90 жылдардың басында Қазақстан түрмедегілердің саны бойынша әлемде үшінде орын алса, 2016 жылы 62 орынды иеленді.   

Республика сот төрелігіне қолжетімділіктің сот шығындарына қатысты бөлігі бойынша әлемде алғашқы позициялардың бірін иеленіп отыр. 1996 жылы мемлекеттік баж салығының мөлшерлемесі талап арыз сомасының 10 пайызын құраса, бүгінде ол 1-3 пайызға дейін азайды.  

Қ. Мәми «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын қабылдау сот жүйесін одан әрі реформалаудың жаңа маңызды кезеңі болғандығын айрықша атап өтті. Бұл шаралар ЭЫДҰ ұйымына мүше елдердің озық тәжірибесі мен саясатына негізделген. Оларды тәжірибеде іске асыру өзінің жағымды нәтижелерін беруде.  

Сот сатыларын оңтайландыру нәтижесінде сот дауларын қараудың ең жоғарғы мерзімі (барлық сатыларға шағымдану бойынша) орташа есеппен 8 айға дейін қысқарды. Жеңілдетілген іс жүргізу тәртібі соттағы әуре-сарсаңды азайтуға мүмкіндік берді, осы әдіспен барлық азаматтық істердің жартысынан астамы қаралды, олардың 82% алғашқы сот отырысында-ақ шешімін тапты. Әрбір төртінші қылмыстық іс жеңілдетілген рәсіммен қаралды, яғни 10 тәулікке дейінгі мерзімде аяқталды.

Жоғарғы Сотта құрылған мамандандырылған алқа, сондай-ақ құрамына шетелдік сарапшылар кіретін Халықаралық Кеңес Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясатты қолдаудың маңызды кезеңдеріне айналды.

Бүгінде республикадағы барлық сот отырысы залдары аудио-бейнетіркеу жүйесімен 100 пайызға жабдықталды, нәтижесінде судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар екі есеге қысқарды. Жалпы алғанда, жаңа технологияларды енгізу сот қорғауына қолжетімділікті жеңілдетті. Электронды сот төрелігінің көпшілікке танымал болуын жыл басынан бері «Сот кабинеті» сервисі арқылы соттарға 620 мыңнан астам электронды құжаттар (талап арыздардың 73,5% электронды түрде берілген) келіп түсуі фактісі растайды. Бұл көрсеткіш Қазақстанды әлемдегі сот жүйесі озық елдердің қатарына қосты. Бүкіләлемдік Банктің елдегі бизнес жүргізу рейтингісінде (Doing Business) Қазақстан сот дауларын шешуді бағалау индикаторы бойынша әлемнің 190 елінің арасында 9 орын иеленді.    

Сот корпусының кәсібилігін арттыру үшін жаңадан тағайындалған судьялар үшін сынақ мерзімі, кадрларды іріктеудің карьерлік моделі, психологиялық тестілеу, полиграф аппаратында зерттеу енгізілді, судьялыққа кандидаттар үшін жұмыс өтіліне қойылатын талаптар қатаңдатылды. Жоғарғы Соттың жанынан Сот төрелігі академиясы жұмыс істеуде. Кадрларды іріктеудің барлық кезеңдері БАҚ-та жариялануда, бұл процеске Қоғамдық кеңестер тартылды.   

Қ.Мәми Судьялық әдеп кодексі жаңа редакциясы жобасының судьялардың кәсіби қызметі мен тұрмыстағы жүріс-тұрысы үшін моральдық жауапкершілігін арттырудағы маңызы зор екендігін атап өтті. Жоба судьялар мен жұртшылық арасында кеңінен талқыланды, Еуропалық одақтың Венециялық комиссиясының арнайы отырысында таныстырылды.

Форумның екінші бөлігінде Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров – Ұлт Жоспарының заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қадамдарын орындау туралы, Астана қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Нәзиля Раззақ – ювеналдық соттардың қызметі туралы, Қостанай аудандық сотының судьясы Наталья Дунаева – сот жүйесінің ақпараттық ашықтығы туралы, Жоғарғы Соттың отставкадағы судьясы Амангелді Рысқалиев – судьяларға қойылатын әдеп талаптары туралы, халықаралық сарапшы Хвачжун Ли – Қазақстан Жоғарғы Сотының жанындағы Халықаралық кеңестің қызметі туралы сөз сөйледі.

Бұдан әрі Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков өзі басқаратын қоғамдық бірлестіктің жұмыс туралы баяндама жасады. Республиканың судьялар корпусының өкілдері Судьялық әдеп кодексінің жаңа жобасын талқылап, оны бірауыздан қабылдады.   

Форум делегаттары Судьялар одағының Жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады, оның Ревизиялық комиссиясының есебін талқылады.

Еске сала кетейік, тәуелсіздік жылдары алты съезд (біріншісі 1996 жылы) өтті. Съездер сот жүйесінің дамуы үшін айрықша стратегиялық мәнге ие. Олардың әрбірінде соттар дамуының қорытындылары шығарылып, келешекке бағытталған өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.  

 

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі