Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Кездесуде республика соттарының 2014 жылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындысы, Жоғарғы Соттың ағымдағы қызметі, сондай-ақ алдағы кезеңнің міндеттері  талқыланды.

Кездесу барысында Н.Ә. Назарбаев сот жүйесі мемлекеттік басқаруды жетілдіруде, еліміздің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуде, шағын және орта бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауда, олардың қызметі үшін оңтайлы жағдайлар жасауда айрықша орын алатындығын атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа кодекстердің күшіне енетіндігіне тоқталды. Ол құқық бұзушыларға экономикалық санкцияларды көбірек қолдануға және түрмедегілердің азаюына әкелуі тиіс.

– Адамдардың сот төрелігіне деген сенімі сот органдарының жұмысына байланысты. Атап айтқанда, барлық даулар отандық сот жүйесінде әділ шешілуі үшін мамандандырылған экономикалық соттардың жұмысын жақсарту қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Жоғарғы Сот Төрағасы электронды сот өндірісін дамыту, сот қызметіндегі төрешілдік рәсімдерді азайту жұмыстары мен азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған шаралар туралы хабардар етті.

Қ. Мәми елімізде сот төрелігін жүзеге асырудың жай-күйі туралы айтты. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында соттарға келіп түскен арыздар мен істердің саны 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,5 пайызға ұлғайғаны атап өтілді. Азаматтық және қылмыстық істерді қарау сапасы республика бойынша тұрақты деңгейде. Қылмыстық және әкімшілік істерді қарау мерзімдерінің бұзылуына жол берілген жоқ. Бұған қоса, медиаторлардың қатысуымен қаралған азаматтық істердің саны 475-тен 1911-ге дейін өсті.

Сонымен қатар, Жоғарғы Сот Төрағасы биылғы 4-5 қыркүйекте Астанада өтетін ШЫҰ елдері Жоғарғы Сот Төрағаларының IX отырысын өткізуге дайындық барысы туралы хабардар етті. Бұл іс-шара 2006 жылдан бастап, жыл сайын ШЫҰ-ға мүше елдердің бірінде кезегімен өткізіліп келеді. Биылғы отырысқа ШЫҰ Бас хатшысы Д.Ф.Мезенцев, БҰҰ Контртеррористік комитеті Атқарушы директоратының Атқарушы директоры Жан-Поль Лаборд арнайы шақырылған мейман ретінде қатысады.    

IX отырыста соттар қызметін жетілдіру мен бағалау, судьяларды іріктеу мен тағайындау, сот төрелігінің ашықтығы, сот өндірісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану мәселелерін, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асырудың бірқатар практикалық мәселелерін талқылау жоспарланған. Терроризммен күрестегі жоғарғы сот судьяларының рөлі жеке семинар аясында қаралатын болады.

Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше елдердің Жоғарғы Сот Төрағаларының құқық үстемдігін бірлесе ілгерілету, сондай-ақ адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау мақсатында Өзара іс-қимыл мен серіктестікті күшейту жөніндегі бірлескен мәлімдемесіне қол қойылады деп күтілуде. 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздің сот жүйесін дамыту мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі