Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Жоғарғы Сот төрағаларының оныншы кеңесі өтуде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2015 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Жоғарғы Сот төрағаларының оныншы кеңесі өтуде. Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми бастаған қазақстандық делегация қатысуда.

Өзара түсіністік ахуалы мен сындарлы пікір алмасу жағдайында өтіп жатқан кездесу барысында тараптар судьялардың біліктілігін арттыру саласындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер сот органдарының тәжірибе алмасуы, адам саудасына байланысты қылмыстық істер бойынша ШЫҰ-ға мүше елдер соттарының тәжірибесі, ар-намысты, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы дауларды шешудің, ақпараттық технологияларды қолдана отырып, құқықтық көмек көрсету шараларының өзекті мәселелерін талқылады.

Өзінің құттықтау сөзінде Қ. Мәми ШЫҰ жұмысының тиімділігін жоғары бағалады. «Жыл сайын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы ықпалды халықаралық ұйым ретінде өзінің беделін арттырып келеді. Біздің көп қырлы аймақтың ынтымақтастығымыздың аясы күн санап кеңеюде. Жоғары сот сатыларының диалогына деген сұраныс та артып отыр. Біздің өзара іс-қимылымыздың қарқын алғандығы қуантады. 2015 жылдың шілде айында біздің қатарымызға диалог бойынша серіктестер – Армения, Әзербайжан, Непал, Камбоджа қосылды. Беларусь Республикасы ШЫҰ-ға бақылаушы-мемлекет мәртебесін алды», - деді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы.

Кеңеске қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қайрат Мәми оларды Мемлекет басшысының бастамасымен «100 нақты қадам – баршаға арналған заманауи мемлекет» Ұлт Жоспары аясындағы Қазақстанның сот-құқық жүйесінің алдында тұрған реформалармен таныстырды. Үш сатылы сот жүйесін қалыптастыру, Астана қаласында AIFC халықаралық қаржы сотын құру, Жоғарғы Сотта инвестициялық істер бойынша мамандандырылған алқа және Халықаралық консультативтік кеңес құру мәселелеріне айрықша назар аударылды.   

Кеңес шеңберінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми  өз әріптестерімен – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер жоғарғы соттары төрағаларымен, сондай-ақ іс-шараға қатысқан құрметті меймандармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Кеңеске қатысушы шетелдіктер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының заңнамалық қызметнен хабардар болды. Осы жылдың басынан бастап республикамызда жаңа қылмыстық заңнама жұмыс істей бастады. Онда халықаралық тәжірибеде кеңінен көрініс тапқан бірқатар жаңа институттар мен нормалар көзделінген. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық, тергеу судьясы, процестік келісім институттары, бас бостандығынан айыруға балама ретіндегі жазаны енгізу, ақпараттық технологияларды қолдану және т.б. 

Қазақстан ШЫҰ-ға мүше елдердің сот органдарының ынтымақтастығын кеңейту мәселелеріне баса мән беріп отыр.

Іс-шара қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Жоғарғы соттары төрағалары құқық үстемдігін бірлесе ілгерілету, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында өзара іс-қимыл мен серіктестікті күшейту жөніндегі оныншы кеңестің бірлескен мәлімдемесіне қол қойылады. 

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі