Венециялық комиссия Қазақстан судьялары әдеп кодексінің жобасы бойынша қорытындыны бекітті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ағымдағы жылғы 10-11 маусымда құрамына Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми және Судьялар одағының хатшысы Сансызбек Райымбаев кіретін қазақстандық делегация Венеция қаласында өткен Демократияға құқық арқылы Еуропалық комиссиясының 107 жалпы отырысының жұмысына қатысты. Іс-шара шеңберінде Қазақстанның Судьялар әдебі кодексінің жобасы бойынша Комиссия сарапшыларының қорытындысы талқыланды.

Форумда сөйлеген сөзінде Қ.Мәми Венециялық комиссия мен Қазақстанның, соның шінде Жоғарғы Соттың арасында жылдар бойы сындарлы байланыс қалыптасқанын атай келе, Кодекс жобасы бойынша сарапшылық қорытындыны әзірлеу бойынша атқарылған жұмыс үшін алғыс білдірді.

«Қазақстанда судьялар корпусын нығайтуға айрықша назар аударылуда. Судьяларға арналған жаңа Кодекс – сот жүйесін дамыту, соттардың тәуелсіздігін нығайту бағытында жалғасып жатқан процестің кезекті қадамы. Осыған орай Кодекс жобасы бойынша Комиссияның алдын-ала қорытынды пікірі оны пысықтау процесінде маңызды болып табылады», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы. 

Кодекс жобасы Ұлт Жоспарына сәйкес республиканың Судьялар одағы тарапынан әзірленді. Онда судьялар корпусы мен құқықтанушы ғалымдардың пікірі көрініс тапқан, сондай-ақ соттар қызметінің мәселелері бойынша «Судьялар мінез-құлқының Банголор қағидаттары», Сот билігі тәуелсіздігінің мәселелері бойынша Киев конференциясының ұсынымдары (2010 ж.) ескерілген.

Кодекс жобасы Жоғарғы Сот сайтына орналастырылған, әрбір қалаған адам оған қатысты өз ұсыныстары мен комментарийлерін енгізе алады.

Демократияға құқық арқылы Еуропалық комиссиясының жалпы отырысы барысында Комиссия Қазақстан судьялары әдеп кодексінің жобасы бойынша қорытындыны бекітті. 

Қ.Мәми Кодекс жобасы бойынша атқарған жұмысы үшін Комиссияға алғысын білдірді және сот-құқық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетін жеткізді.

Анықтама. Қазақстанның Венециялық комиссияның Жарғысына қосылу сәтінен (2011 жыл) бастап, Венециялық комиссия республиканың бастамаларын әрдайым қолдап келеді. Комиссия сарапшылары қазақстандық мамандармен бірлесіп, демократия институттары мен адам құқықтарын нығайтуға бар күш-жігерлерін жұмсап келеді.

Қазақстанның сұрауы бойынша Венециялық комиссия Қазақстандағы Адам құқықтары бойынша уәкілдің мәртебесі, Беларусь, Қазақстан және Ресей Федерациясы арасында құрылған Кеден Одағына Қазақстанның қатысуының конституциялық-құқықтық негіздері бойынша қорытынды пікір берді, сондай-ақ сайлау заңнамасын жетілдіру бойынша Орталық сайлау комиссиясына сарапшылық-әдіснамалық көмек көрсетті.  

2014 жылы Венециялық комиссиямен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша судьяларға арналған тренинг ұйымдастырылды. Жоғарғы Сот Венециялық комиссия сарапшыларының Орталық Азия елдері сот жүйесі туралы зерттеуді әзірлеуіне белсене қатысты. Венециялық комиссия Қазақстан үшін өзекті мәселелер бойынша бірнеше рет сараптамалық талдау жүргізді.  2011 жылы ЕҚЫҰ ДИАҚБ мен Венециялық комиссия «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң бойынша бірлескен қорытынды әзірледі. 

 Венециялық комиссиясының құрамына Еуропа елдеріне мүше барлық 47 мемлекет кіреді. Қазақстан Комиссияға 2011 жылдың қарашасында мүшелікке өтті. Еуропалық комиссия өз жұмысында демократия, адам құқықтарын қорғау және құқық үстемдігі секілді Еуропа кеңесі қызметінің негізін қалайтын үш базалық қағидатты басшылыққа алады.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі