Сот төрелігі академиясында жаңа оқу жылы басталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2016 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында жаңа оқу жылы басталды. Академия «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының оқу мен сот практикасының өзара байланысын күшейтуге бағытталған 18-қадамын орындау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылды. Академияға жоғары оқу орнының айрықша мәртебесі берілді. Аталған ЖОО сот корпусының мамандандырылған резервін әзірлеумен, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттырумен айналысатын жалғыз білім беру мекемесі болып табылады.  

Жаңа оқу жылында Академияға 60 магистрант қабылданды.

Қазіргі таңда Академияның жоғары білікті оқытушылар құрамы жасақталды. Бұған қоса, оқу процесіне ғалымдармен қатар, Жоғарғы Соттың жұмыс істеп жүрген судьялары да белсенді түрде тартылатын болады.

Жаңа Академияның оқу жоспары судьяларды әзірлеуге маманданған шетелдік жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасының негізінде, сондай-ақ еліміздің сот жүйесінің ағымдағы сұранысы ескеріле отырып құрылды. Оқу бағдарламасына «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты», «Құқықтық қақтығыстану және медиация», «Жеңілдетілген сот ісін жүргізу», «Соттардың корпоративтік дауларды қарау тәжірибесі», «Зияткерлік меншікті сотта қорғау» және т.б. пәндер енгізілді.

Академияда өндірістік тәжірибені ұйымдастыру жұмысы күшейтілді. Соттарды мамандандырудың барлық бағыттары бойынша тәжірибеден кешенді өту және әрбір магистрантқа тәлімгер судьяны бекіту бойынша Астана қаласының соттарымен тиімді ынтымақтастық жүйесі жолға қойылды.  

Академия магистранттарын халықаралық тағылымдамаға жіберу мәселелері де пысықталды. Айталық, Франциядағы магистратура мектебімен, Шпайер әкімшілік ғылымдардың неміс мектебімен, Мемлекеттік басқарудың корольдік институтымен (Нидерланды), Берклидегі Калифорния университетімен (АҚШ), Түркияның әділет академиясымен тағылымдама бойынша ынтымақтастықтың келешегі айқындалды.

Академия құрамына үш құрылым, атап айтқанда, Жоғары оқу орнынан кейінгі институт, Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығы мен Ғылыми-зерттеу орталығы кіреді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі