Әскери сотта мемлекеттік тілдің қолданылу мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Әскери сотта өткен «дөңгелек үстелдің» қатысушылары гарнизондардағы әскери соттарда мемлекеттік тілдің қолдану деңгейі туралы мәселені талқылады.

Талқылауға Әскери сот судьялары, Бас әскери прокуратурасының, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, сондай-ақ адвокаттар алқасының, Астана қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстелді» ашқан Әскери соттың төрағасы Сәкен Абдуллаев өз сөзінде мемлекеттік тілде қаралатын істердің сапасын арттыруға және құжат айналымы тиісті деңгейде мемлекеттік тілде жүргізілуінің қажеттігіне тоқталып өтті.

Бас әскери прокуроры Б.Қасымбаев, Астана қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы С.Енсебаев «дөңгелек үстелде» көтеріліп отырған мәселенің өзектілігі мен маңыздылығын өз баяндамаларында атап өтті.

 «Дөңгелек үстелге» қатысушылар жұмыс барысында мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты туындайтын келелі мәселелерді кеңінен талқылап, мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданылу сапасын арттыруды талқыға салды.

Отырысты қорытындылай келе, С.Абдуллаев «дөңгелек үстел» қатысушыларына Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай мемлекеттік тілді қолдану бойынша жұмысын белсендіруді ұсынды.

Қайнар: 
ҚР Әскери Сотының баспасөз қызметі