Республикалық соттар Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бірқатар іс-шаралар өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Республикалық соттар Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бірқатар іс-шараларды ұйымдастырды.

«Балаларды қорғау күні» мерекесінде Атырау облысының жас судьялары «Шаңырақ» балаларды тәрбиелеу ауылында болып, 4-18 жас аралығындағы 47 бүлдіршінді  тәрбиеленуде мерекелерімен құттықтап, оларға бағалы сыйлықтар мен тәттілерді сыйға ұсынып, бүлдіршіндерге қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, концерттік бағдарламаларын көрсетті.

Жамбыл облысының соттарында «Балалар біздің болашағымыз – жақсылық жасаңыздар» атты акция шеңберінде бірқатар іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты және Тараз қаласының № 2 соты Қ.Сарымолдаев атындағы № 1 балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті.  

Өзінің құттықтау сөзінде Жамбыл облыстық сотының төрағасы Рүстем Алшынбаев балаларға қолдау көрсетудің, осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. 

Мойынқұм, Шу, Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Қордай, Талас, Сарысу, Тұрар Рысқұлов аудандық соттары, Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік соты, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Тараз қалалық соты аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасыларға, интернет тәрбиеленушілеріне, кәмелетке толмаған жетім балаларға атаулы көмек көрсетті. Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты орта мектептер мен колледждер студенттеріне «Ашық есік күнін» ұйымдастырып, келушілерді соттың жұмысымен таныстырды.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қызметкерлері Көкшетау қаласының психоневрологиялық сырқаты бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі балаларды құттықтады. Сот ұжымы балаларды Халықаралық мерекесімен құттықтап, оларға сыйлықтарды сыйлады.

Балалар мекемесінің қызметкерлері ата-ананың қамқорлығынсыз қалған мүгедек балаларға көмек көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьялары Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында «Үміт» және «Балалар ауылы»  балалар үйіне барып, тәрбиеленушілерді құттықтады.

2011 жылы судьялар «Үміт» және «Балалар ауылы» балалар үйлеріндегі төрт баланы өз қамқорлығына алған. Ағымдағы жылы қосымша екі бала алды. Облыс судьялары жыл сайын бір күндік еңбек ақыларын балалардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» жеке қорларына аударып келеді.  

Судьялар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен және ұжымымен әрдайым кездесіп, түрлі іс шаралар ұйымдастырып, олардың әлеуметтік жағдайын бақылап, балаларды қызықтыратын немесе алаңдататын сұрақтарды достық негізде талқылып құқықтық көмек көрсетуде.

«Ризашылық» акциясы аясында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне әр мереке сайын спорттық, техникалық жабдықтар мен қажетті сыйлықтар тараттты.

Балалар мекемесінің басшылары судьяларға ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға қолдау көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.

Атаулы күні Өскемен және Семей қалалық сотының судьялары азаматша И.Нечерякованың отбасына материалдық көмек көрсетті. Іс-шара барысында Өскемен қалалық сотының судьялары балаларға материалдық көмек көрсетті.

«Қазақстан Республикасы судьялар Одағы» РҚБ Батыс Қазақстан облыстық филиалы жетім-балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау көрсетуді өз міндеттеріне алды.

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұжымы балалар ауылының тәрбиеленушілеріне арнайы мерекелік шара ұйымдастырды.

9, 11 сыныпты тәмамдаған тәрбиеленушілерге болашақ мамандық және оқу орнын таңдауға көмек көрсету мақсатында «М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті» ШЖҚ МКК-ның мамандары кездесу ұйымдастырды.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов, Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының төрғасы Н.Жамашев және ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ж.Сейітжапбаров Сайрамдағы №4 балалар үйінде өткізілген мерекелік іс-шараға қатысты.

Мерекелік іс-шара барысында сөз сөйлеген облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов балаларды төл мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық және жазғы демалысты қызықты өткізуді тіледі.

Үш жыл бұрын жүзге жуық жасөспірім тәрбиеленіп жатқан Сайрамдағы №4 балалар үйін облыс соттары қауымдастығы тарапынан тұрақты қамқорлыққа алу жөніндегі ұсыным Қазақстан Судьялар одағының облыстық филиалы тарапынан қолдау тауып, арнайы іс-шаралар жоспары жасалған болатын. Содан бері осында тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерге облыстық, аудандық және мамандандырылған соттардың тарапынан ай сайын қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер, оқу-құралдары сыйлық ретінде беріліп тұрады.

Биыл облыстық соттың ұйымдастыруымен «Алматау» демалыс аймағында өткен Наурыз мейрамына №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері құрметті қонақ ретінде қатысты.

Өз кезегінде балалар да судьяларды өздерінің шығармашылық өнерлерімен қуантып, халық әндері мен билерін орындады.

Алматы облысы бойынша соттар әкімшісі Алматы облысының Судьялар одағының филиалымен бірлесіп, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерін Балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтады.

Келген қонақтардың құрметіне балалар үйінің тәрбиеленушілері атынан мерекелік концерт ұйымдастырылды. Шара балаларға сыйлықтар, тәттілер, кітаптар және ойыншықтар тапсырумен жалғастырылды.

Судьялар одағының төрағасы Е.Құтбанбаев балаларды құттықтай келе, оларға оқуда табыс және зор денсаулық тіледі. Өз кезегінде, балалар мерекелік қуаныш сыйлағаны үшін судьялар қауымына шын жүректен алғыстарын білдірді.

Бұл орталықта 35 бала бейімдеуден өтіп жатыр. Олардың барлығы  күрделі өмірлік жағдайға тап болған балалар. Бірінің ата-анасы қаза болған болса,  ал біреулерін жақындары тастап кеткен. Олардың ішінде өзі үйден кетіп қалған балалар да бар.

Сондай-ақ, облыс соттары атынан аз қамтылған отбасылардың  балаларына арналған сыйлықтар мен азық-түлік түріндегі материалдық көмек көрсетілді.

Қызылорда қалалық соты 1 маусым – Халықаралық балаларды  қорғау күніне орай, сот ұжымы қызметкерлерінің балаларының арасында жол бетіне сурет салудан жарыс ұйымдастырды.

Судья С.Жаппасбаев балаларды мерекемен құттықтады. Сайыс нәтижесі бойынша жол бетіне сурет салған балғындарға түрлі сыйлықтар үлестірілді. Ал, балалардың ата-аналарына ел болашағының үлгілі ұл-қызын тәрбиелеп отырғандары үшін алғыс хаттар табысталды.

Шара соңында судьялар балаларға дәмханада дастархан әзірлеп, тәттілермен қуантты.

Алматы қалалық сотының судьялары Алматы қаласының №2 Балалар үйінің тәрбиеленушілерін Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

Алматы қаласының судьялары № 2 Балалар үйімен 20 жылдан астам уақыт ынтымақтастық байланыста болып келеді. Судьялар балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге көмек көрсету мақсатында жыл сайын еңбекақы есебінен қаражат аударып отыратын арнайы қор құрған. Тек соңғы бес жылдың көлемінде бос уақыттарын ұйымдастыруға, жихаздар мен тұрмыстық техникалармен  жабдықтауда нақты көмек көрсетілді. Тұрақты негізде балалардың Алматы және Ақмола облыстарындағы жазғы демалыс орындарына бару мүмкіндіктері қамтамасыз етілуде. Судьялардың көмегімен балалардың Түркістан қаласына экскурсиялық сапары қаржыландырылды және жазғы кинотеатрдың жабық түріндегі ойын алаңы салынды. Дарынды балалардың Көкшетау қаласындағы олимпиадаға қатысуларына мүмкіндік жасалынды. Осы жылы Халықаралық балаларды қорғау күнін мерекелеу үшін балалар үйінің тәрбиеленушісі, оқу озаты Аружан Амангелді Мәскеу қаласына жіберілді.

Бүгін Алматы қалалық сотының өкілдері балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстады.

Алматы қалалық сотының судьясы Р.Досмұхаметова балаларға зор денсаулық, мақсаттарына жетуде шығармашылық табыс тіледі. Балалар үйінің басшылығы мен ондағы тәрбиеленушілер сот ұжымына көрсеткен ілтипаттары үшін алғыс білдірді. 

Астанада «Қорғау-Астана» жеке қоры Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Кәмелетке толмағандарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін ескерту» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

«Дөңгелек үстелдің» жұмысына Астана қаласы қәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Иван Керн, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Гүлжан Жолдасбаева, сондай-ақ, Астана қаласының «Алматы» ауданы әкімдігінің өкілдері, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында қызмет атқаратын қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында профилактикалық іс-шараларды күшейту, азаматтардың зорлық-зомбылықсыз өмірге деген құқықтарын іске асыруда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның ынтымақтастығын арттыру, кәмелетке толмаған адамдар мен олардың заңды өкілдері шұғыл жағдайда жүгіне алатын қызметтерді көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі