Қостанай облысында сот заңнаманы бұзу фактісі негізінде кәсіпкерге қатысты жеке ұйғарым шығарды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында жеке кәсіпкер қарамағында жұмыс істеген сатушылармен соттасамын деп өзінің еңбек және салық занамаларын бұзғандығының әшкерленуіне себепші болды.

Меңдіқара ауданында дүкенге иелік еткен 49 жастағы жеке кәсіпкер Марина Даниленко өз қарамағында сатушы болып жұмыс істеген Вероника Кучкинадан қолхат негізінде алған қарызының қалған бөлігі 200 мың теңгені өндіріп алу мақсатында сотқа жүгінген. Өз кезегінде сатушы да мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа қарсы шағым түсірген.

Дүкен иесі сот талқылауы кезінде В.Кучкина екеуі жақсы достық қарым-қатынаста болғандықтан, 2014 жылдың қыркүйек айында оған 836 мың теңге қарыз ақша беріп, қолхат алғанын айтқан. Кейін Кучкина қарызының 636 мың теңгесін қайтарып, қалған 200 мың теңгені бермеген. Осы ретте кәсіпкер В.Кучкинаның қарамағында сатушы болып жұмыс істегенін жоққа шығарған.    

Дегенмен, сот отырысы барысында куәгерлік еткен дүкеннің өзге де сатушылары, наубайхана жұмыскерлері, дүкенге азық-түлік жеткізетін жүргізуші В.Кучкинаның дүкенде сатушы ретінде жұмыс істегенін растаған. Сонымен қатар, сот назарына тауарды қабылдау журналында және жүкқұжаттарына Кучкинаның қойылған қолтаңбасы түріндегі дәлелдемелер де ұсынылды.

Кәсіпкер әйел сатушылардың ешбірімен еңбек шартын жасаспаған. Сатушылардың көбісі дүкенде ұзақ уақыт жұмыс істемеген. Ол адамдарды жұмысқа қабылдау барысында тауарға материалдық жауапкершілік туралы қолхат талап еткен. Сот талқылауы барысында анықталғандай, М.Даниленко дүкенде жұмыс істеген барлық сатушыларды қарыздар етіп шығарады екен. Қалай болғанда да ол 5 сатушының үстінен аудандық сотқа шағымданып, қолхат бойынша қарызды өндіруді сұраған. Мәселен, дүкенші Анжела Кущий қарыз қолхаты бойынша дүкен иесіне 1 млн. теңге берешек. Ал өзге сатушы дүкен иесінен 60 мың теңге қарыз.  

Сотта белгілі болғандай, азаматша В.Кучкина және осы тектес екі азаматтық іс бойынша жауапкер екі сатушы дүкен иесінен қарыз ақша алмаған, ал қолхатты дүкендегі тауар түріндегі құндылықты қабылдағанда берген.

ҚР АК-нің 158-бабының 1 бөлігіне сәйкес, мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн, сондай-ақ құқықтық тәртiп негiздерiне немесе адамгершiлiкке көрiнеу қайшы келетiн мақсатпен жасалған мәмiле жарамсыз деп танылады.  Сондықтан сот мәмілені жарамсыз деп танып, жеке кәсіпкер Марина Даниленконың шағымын қанағаттандырмады. Ал қарсы шағымданушы Вероника Кучкинаның шағымын сот толығымен қанағаттандырды.

Азаматтық істі қарау нәтижесінде сот жеке кәсіпкердің еңбек және салық заңнамаларын бұзғандығын анықтап, Меңдіқара ауданының прокуроры мен Мемлекеттік кіріс басқармасы басшысының атына тиісті шара қолдану үшін жеке ұйғарым шығарды.  

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі