Қостанай облыстық сотының қызметкері республикалық «Тіл – татулық тірегі» атты форумға қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай облыстық сотының кеңсе меңгерушісі Вадим Никифоров Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін «Тіл – татулық тірегі» республикалық форумына қатысып қайтты. Форум мақсаты - мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, оның кеңінен қолдануын насихаттау.

Петропавл қаласында өткен кезекті форумға мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдарда қымет атқаратын өзбек, неміс, украин, орыс, ұйғыр және т.б. этнос жастары қатысты. Олардың барлығы мемлекеттік тілді меңгерген.

В.Никифоровтың ойынша, форум қызықты әрі нәтижелі өткен. Алдымен шараға қатысушылар өздері жайлы айтып, мемлекеттік тілді қалай үйренгендерін әңгімелеген. Олардың арасында полиглоттардың барлығын да ерекше атап өткен жөн. Мәселен, форумға қатысушылар арасында бес тілді бірдей меңгерген жас та бар. Делегаттардың барлығы көпке үлгі болар жастар. Мәселен, Қостанай облысының Федоров ауданынан барған жас жігіт Дмитрий Ромащенко ауыл мектебінде қазақ тілі пәнінен сабақ береді. 

Шараның екінші сатысында «дөңгелек үстелдер» өткізіліп, онда жастар  тілді қолдану аясын кеңейту туралы әңгіме өрбіткен. Кейін делегаттар Петропавл қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында болып, онда келушілер арасында қазақ тілін білу, өмірде қолдану деңгейіне қатысты сауалнама жүргізді.

В.Никифоров өзге форумға қатысушылардың тіл мәртебесін арттыруға ықпал етер мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұру керектігі турасындағы  ойына ортақтас. «Түрлі этнос жастары тілді үйрену арқылы қазақ халқының тарихына, мәдениетіне қызығушылық танытады»,- дейді шараға қатысушылар.

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі