Қостанай облыстық соты өз анасының қазасына кінәлі азаматты мұрагерліктен шеттетті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қостанай қаласының тұрғыны лайықсыз мұрагерді шеттету туралы арызын қанағаттандырмаған бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағыммен облыстық сотқа жүгінді. Шағым иесі қызы А-ның қазасынан кейін оның пәтеріне бірінші кезектегі мұрагер екендігін атап көрсеткен.

Іс бойынша жауапкер ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі бойынша 6 жылға сотталған. Оның сотталуына себеп - алкаголді мас күйінде өзінің анасының, яғни мұра иесінің денсаулығына ауыр қасақана зиян келтіруі. Алған соққы салдарынан азаматша А. ауруханада көз жұмған. Осы себепті жәбірленушінің әкесі өз анасын соққыға жыққан немересін одан қалған пәтерге мұрагер болудан шеттетуге шешім қабылдаған.

Қостанай облыстық соты шағымды қанағаттандыру туралы қаулы қабылдады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1045-бабына сәйкес, мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұл тізімге өсиет қалдырушының өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi. Бұл оқиға Қостанай облысының сот практикасында алғаш рет кездесіп отыр.

Бұл азаматтық істі қайта қарау нәтижесіне сәйкес сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою туралы қаулы шығарды. Облыстық сотта арыз иесінің  талаптары қанағаттандырылып, азамат Т. лайықсыз мұрагер ретінде анасынан қалған пәтерді иелену құқығынан айырылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Источник: 
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі