Электронды сот құжаттарының түпнұсқасы QR-код арқылы расталатын болады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Баршамызға мәлім, кейбір азаматтар онлайн-қызметтерді тұтынуға әлі күнге дейін күмәнмен қарайды. Дей тұрғанмен, «Сот кабинеті» сервисі тұтынушыларының саны күн өткен сайын артып келеді және қазіргі таңда республиканың сот органдарына 809 мыңнан астам талап арыздар, өтініштер мен өзге де құжаттар электронды нұсқада келіп түскен. Электронды сот төрелігін одан әрі дамыту мақсатында ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті тұтынушылар үшін сот құжаттарының, соның ішінде электронды сот актілерінің легитимділігін тексеруге бағытталған арнайы сервисті іске қосты.

Бұдан былай азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдері QR-код (екі өлшемді штрих-код) арқылы электронды құжаттардың легитимділігін анықтай алады. QR-кодты тексеру үшін Мобильді Сот кабинетінің соңғы нұсқасын орнату қажет және арнайы функция арқылы орналастырылған қағаз нұсқадағы сот актісінің QR-кодын сканерлеуге болады. Бұдан кейін смартфонның экранына Жоғарғы Соттың сервері арқылы қорғалған, қажетті барлық атрибуттары бар, электронды цифрлық қолтаңба қойылған электронды құжат шығады. Бұл құжаттың сот органдарының деректер базасынан алынғандығын, яғни легитимділігін растайды.   

Аталған шаралар сот төрелігінің айқындығын одан әрі арттыруға ықпал етеді және электронды сот төрелігіне кезең-кезеңмен көшудің келесі қадамы болып табылады.

Жоғарғы Сот өз тарапынан барлық тұтынушыларды сот жүйесіне енгізіліп жатқан ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға шақырады, сондай-ақ азаматтардан «Сот кабинеті» сервисін (www.office.sud.kz) жетілдіру бойынша ұсыныстар күтеді.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі