Атырауда сот азаматты саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп таныды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау қалалық сотында арыз беруші Рысқали Нұржаубаевтың саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп тану туралы азаматтық ісі қаралды.            

Іс-құжаттарында көрсетілгендей, арыз берушінің әкесі К.Нұржаубаевқа 1937 жылы  «халық жауы» деген айып тағылып, Батыс Қазақстан облыстық УНКВД үштігінің қаулысымен сотталып, 1938 жылы ату жазасына кесілген.

Кейін 1988 жылы Гурьев облыстық соты Президиумның қаулысымен К.Нұржаубаев әрекетінде қылмыс  құрамының болмауына байланысты ақталған. Осы негіздермен 2002 жылы К.Нұржаубаев жаппай саяси қуғын- сүргіндер құрбаны деп танылған.

Сот отырысында арыз беруші Р.Нұржаубаев отбасының жалғыз асыраушысы әкесі ұсталып кеткеннен кейін, көптеген қиыншылықтарға ұшырағанын,  балалығы азаппен өткенін түсіндірді.

Сот арыз берушінің талабын негізді деп тауып, Рыскали Нұржаубаевты жаппай саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп таныды.

Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы»  Заңының 2-бабына сәйкес саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі