Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.Қыдырбаева «Орталық Азия елдеріндегі құқықтық мемлекеттілікке жәрдемдесу» GIZ өңірлік бағдарламасының басшысы Йорг Пуделькамен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сотта мамандандырылған сот алқасының төрағасы А.Қыдырбаеваның «Орталық Азия елдерінде құқықтық мемлекеттілікке жәрдемдесу» GIZ өңірлік бағдарламасының басшысы, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің мүшесі Йорг Пуделькамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда әкімшілік әділетті құру келешегін талқылады. Кездесуде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты әзірлеген Әкімшілік процестік кодекс жобасының негізгі ережелеріне айрықша назар аударылды. Кодекс жобасы азамат (ұйым) пен мемлекеттік орган арасындағы жариялы-құқықтық дауларды сотта қарау мәселелерін реттейді. Заң жобасы талқылау және ұсыныстарды жинақтау мақсатында Жоғарғы Соттың сайтында жарияланды.

Кездесуде сөйлеген сөзінде Й.Пуделька әкімшілік әділет жүйесін жақында енгізген елдердің тәжірибесіне (Әзербайжан, Грузия және Литва) сүйене отырып, мұндай санаттағы істерде бір жағынан азамат, заңды тұлға немесе ұйым, екінші жағынан мемлекеттік басқару органы атынан мемлекет бір тарап болып дауларды жедел түрде шешетіндігін атап өтті.  Й.Пуделька Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңес қызметінің шеңберінде ӘПК жобасы бойынша қорытынды әзірлеуді жоспарлап отырғандығын хабарлады.

Тараптар халықаралық стандарттарға сәйкес ӘПК жобасының жекелеген ережелерін біріздендіру бойынша өзара тығыз ынтымақтастық орнату қажеттігі туралы келісімге келді.

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында әкімшілік  құқықтық реформа жүргізу көзделген. Ол тиімді мемлекеттік аппаратты құруға, жаңа басқарушылық технологиясын енгізуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге бағытталған. Осы құжатқа сәйкес мемлекет пен азаматтың (ұйымның) арасындағы жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешетін әкімшілік әділет институтын енгізу мәселесі жоспарланып отыр.

GIZ өңірлік бағдарламасы өз қызметін 1992 жылдан бастап көрсетуде және Қазақстанға сот-құқық реформаларын жүргізуге қолдау көрсетуде. GIZ-дің қызметіндегі басым бағыттардың бірі әкімшілік құқықтық реформалау болып табылады.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі