Астанада Қазақстан мен Қырғызстан жоғарғы сот органдары басшыларының кездесуі өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми қырғызстандық әріптесі Айнаш Тоқабаевамен кездесті.

Жоғарғы сот органдарының төрағалары екі елдің сот жүйесінің дамуы туралы өзекті ақпаратпен бөлісті, сондай-ақ ынтымақтастық пен даму келешегін талқылады.

Кездесу барысында Қ.Мәми Ұлт Жоспарына сәйкес Қазақстандағы мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңі туралы әңгімеледі. Ол соттар жұмысының жаңа үш сатылы жүйеге көшкеніне, инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізудің құрылғанына, Жоғары Сот Кеңесінің құрамы мен өкілеттігінің кеңейтілгеніне, судьялыққа кандидаттарға талаптың күшейгеніне, Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясының құрылғанына, Сот жюриі қызметі басымдықтарының өзгергендігіне ерекше назар аударды. Қ.Мәми жалпы көрсетілген шаралар соттардың тәуелсіздігін, соның ішінде, құқықтық, ұйымдастырушылық және материалдық-қаржылық кепілдемелер тұрғысынан нығайтуға бағытталғанын айтты. Шетелдік мейман еліміздің Ата заңына сот жүйесі мен прокуратура органдары бойынша енгізілген өзгерістер туралы хабардар болды.

Өз кезегінде А.Тоқабаева Қырғызстанның сот құрылымындағы өзгерістер жайында айтып өтті.

Халықтың кең ауқымды бөлігінің сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қойған мейманның сұрағына жауап бере келе, Қ.Мәми Жоғарғы Соттың бірнеше жылдар бойы электронды сот төрелігін дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқандығын айтты. Қазақстан жоғарғы сот органының төрағасы: «Бұл жаңашылдықтар істерді қарау мерзімін қысқартады, сот қызметінің қолжетімділігі мен ашықтық деңгейін арттырады. Қазіргі таңда сот отырыстары аудио-бейнетіркеу құралдарымен 100 пайызға жабдықталған. Азаматтар соттардың интернет-ресурстары арқылы істерді қарау барысы туралы ақпаратты, сот актілерінің электрондық көшірмесін ала алады, электрондық талап, шағым және басқа да өтініштер бере отырып, қажетті мәліметтерге қол жеткізе алады», - деді.

Қазақстандық әріптестерінің соттардағы жаңа ақпараттық технологиялардағы жетістіктеріне тоқтала келе, А.Тоқабаева іс жүзінде электронды сот төрелігі жүйесімен егжей-тегжейлі танысқысы келетінін жеткізді. Ол екі елдің соттарына одан әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігіне ерекше назар аударды.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі