ОҚО-да республика егемендігінің 25 жылдық мерейтойына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының оқу орталығы «Тәуелсіздік және сот билігі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияның жұмысына облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов, облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, өңірдің жоғары оқу орындарының басшылары, оқытушылары, студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараның модераторы Н.Шәріпов конференцияны ашып, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуы бойынша жоғары жетістіктерге жеткенін атап өтті. Тәуелсіз мемлекеттің барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ‒ Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі мен кемеңгерлігінің арқасында мүмкін болды.

Тәуелсіздік жылдары қабылданған Конституция және басқа да заңдар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сот жүйесін қалыптастырды. 25 жылда соттардың жұмысы түр­меде отырғандар санының едәуір азаюына үлес қосты. Егер 1991 жылы еліміз 100 мың адамға шаққанда түрмеде отырғандардың коэффициенті бойынша әлемде үшінші орында болса, 2016 жылы Қазақстан аталған көрсеткіш бойынша 62-ші орынға төмендеді.  «Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Соттардың тәуелсіздігі» индикаторы бойынша республика  68-орынға ие болып, соңғы 6 жылда 43 позицияға жоғарылаған.

Қазақстан қоғамы соттарға сенеді. Бұны сот процесстеріне қатысушылардың арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысынан анық байқауға болады. БҰҰ Даму бағдарламасының жүргізген зерттеулерінің қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқан 12 000 адамның 71,3 %-ы  соттардың жұмысына қанағаттанатындықтарын білдірген. Төраға талқыға салынғалы отырған тақырыптың маңыздылығына тоқталып, конференция қатысушыларына жұмыстарының жемісті болуын тіледі. Конференция барысында заңгер-ғалымдар мен судьялар, сонымен қатар, жоғары оқу орындарының магистранттары мен студенттері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған және сот-құқықтық реформалардың дамуы туралы баяндамалар жасады.                                  

Баяндамаларда тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен осы процесстегі ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың рөлі туралы айтылды. Тәуелсіз сот билігінің даму кезеңдері, сот органдарының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы, сот жүйесі үшін жаңа формациядағы кадрларды іріктеу, соның ішінде болашақ заңгерлерге дуалды білім беру мәселелеріне ерекше мән берілді.                    

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту және мемлекетіміздің халықаралық аренадағы рөлін күшейту, демократияны әрі қарай дамыту, еліміздің сот жүйесі мен мемлекеттік органдарын жетілдіру бағытындағы жұмыстарына қолдау көрсету туралы қарар қабылданды. 

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз орталығы