Қайрат Мәми «Zakon.kz» порталында интернет-конференция өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін «Zakon.kz» порталында Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмидің қатысуымен интернет-конференция өтті. Онлайн-режимде өткен конференцияда ол интернет-тұтынушылардан түскен 29 неғұрлым рейтингтік сұрақтарға жауап берді.

Айталық, соттарға сенім туралы сұраққа жауап беру барысында Жоғарғы Сот Төрағасы қазақстандық қоғамның сот жүйесіне деген көзқарасының неғұрлым шынайы сипатын БАҚ-тағы жарияланымдар мен интернеттегі комментарийлер емес, әлеуметтік сауалнамалар көрсете алады. Ол 2012 жылы «Транспаренси Казахстан», 2015 жылы – БҰҰДБ және 2016 жылы өткізілген онлайн-сауалнама нәтижелелерін мысалға келтірді. Осы зерттеулер барысында респонденттердің сәйкесінше 75%, 71,3 % және 74,4% сотқа сенім білдірген.  

Қылмыстық жазалауға баламалы шараларды енгізу туралы сұраққа жауап беру барысында Қ.Мәми жазалардың қудалаушылығын азайту мен жазалаудың баламалы шараларын енгізу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесін атап өтті. Соңғы үш жылда түрме халқының саны шамамен үш есеге азайды.

Ағымдағы жылдың 8 айында бас бостандығын шектеу жазасы көбірек (шамамен 30 пайыз) қолданылды. Айыппұлдар салу алты есе, қоғамдық жұмысқа тарту төрт есе жиірек тағайындалды.

Еселеп айыппұл салу түріндегі жазаны қолдануға келер болсақ, 2015 жылы 6 811 адам айыппұл төлеуге сотталды. Олар 5 млрд. теңгеден астам қаражат төледі. Осылайша, сыбайлас жемқорлық қылмыстары салдарынан мемлекетке келген шығынның өтемі еселеп толтырылуда.  

Адвокаттарды сот ғимараттарына жіберу туралы неғұрлым көп дауыс жинаған сұраққа да жауап берілді. Жоғарғы Сот Төрағасы соттар ғимараттарына кіруді қадағалауды күшейту шаралары сот процестеріне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғандығын атап өтті. Олар қолданыстағы заңнамаға толығымен сәйкес келеді. Сот ғимараттарына ұялы байланыс құралдарын кіргізуге шектеу барлығына, соның ішінде судьялар мен сот қызметкерлеріне де қатысты.

Интернет аудитория тарапынан сот шешімдерінің жазалаушылық сипаты мен ақтау үкімдерінің аздығы туралы сұрақ қойылды. Оған жауап бере отырып, Жоғарғы Сот Төрағасы ағымдағы жылы бас бостандығынан айырумен байланысты жаза тек сотталғандардың 26,6 пайызына қатысты қолданылғандығын атап өтті. Жазалаудың баламалы түрлері қолданылған адамдардың үлес салмағы 1,7 пайызға артты.

Ақтау үкімдерінің саны 20,2 пайызға өсті. Ағымдағы жылдың 8 айында соттар 554 адамды ақтады. Сотталған кәмелет жасына толмаған адамдардың саны 2 есе азайды.

Соттар бас бостандығын шектеу мен айыппұл салу секілді жазаларды, ал қосымша жазалар бойынша мүлікті тәркілеу, белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру жазасын жиі қолдана бастады. Сондықтан, әрбір іс айыптау үкімімен аяқталып жатыр десек, қате пікір болып саналады. Дегенмен, мәселе жоқ емес, Жоғарғы Сот соттарды ақтау үкімдерін шығаруға бағыттап отыр.

Интернет-конференция барысында Қ.Мәми республика судьяларының алдағы VII съезі туралы да айтып өтті. Бұл форум 2016 жылдың 7 қазанында елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Оған 800-ден астам делегат пен съезд қонақтары қатысады. Іс-шара Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді.

Съезд шеңберінде судьялардың қызметтегі және одан тыс жүріп-тұру қағидаларын регламеттейтін судьялардың жаңа Әдеп кодексін талқылау мен қабылдау жоспарлануда. Әдеп кодексінің жобасында судьялар қауымдастығының пікірлері көрініс тапқан және «Судьялар мінез-құлқының Банголор ережесінің» қағидаттары ескерілген. Кодекс жобасы бойынша Венеция комиссиясының оң қорытындысы алынған.

Сұрақтарға жауап бере отырып, Жоғарғы Сот Төрағасы сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын айтып өтті.

2000 жылдан бастап соттарда істерді автоматты түрде бөлу жүйесі қолдануда. Жоғарғы Сотта Байланыс орталығы жұмыс істейді. Жоғары сот органының сайтында Жоғарғы Сот Төрағасының жеке блогы жұмыс істейді. Аппарат құрылымында Ішкі қауіпсіздік және соттардағы жемқорлықтың алдын алу бойынша арнайы бөлім қызмет атқарады. Оның міндеті – осы бағытта, соның ішінде судьяларды ықтимал арандатушылықтардан қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізілген жүйелі шаралардың нәтижесінде судьяларды қылмыстық жазалау әрекеттерін жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың азаюы бойынша оң үрдіс байқалып отыр. Мәселен, егер 2014 жылы 6 судья сотталған болса, 2015 жылы – 4, 2016 жылы тек 1 судья сотталды.

Судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту бойынша да жағымды динамика байқалады. 2014 жылы 52 судья, 2015 жылы – 48, ал 2016 жылы – 34 судья түрлі тәртіптік шараларға тартылды.

Соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға электронды сот төрелігін кеңінен енгізу ықпал етуде. Бұл аудио-бейнетіркеу арқылы барлық процестерді 100 пайыз деңгейінде таспаға жазу, «Сот кабинеті» сервистері арқылы құжаттарды қабылдау және т.б.

Апта ішінде барлығы интернет аудиториядан 1041 сұрақ келіп түсті. Тұрғындар оларға белсенді дауыс берді. Олардың басым бөлігі нақты сот шешімдеріне қатысты болды. Бұған қатысты Қ.Мәми: «Жоғарғы Сот Төрағасы ретінде мен оларға түсініктеме бере алмаймын, себебі олар кассациялық сатының қарауына келуі мүмкін. Дегенмен, олардың барлығы менің бақылауыма алынды. Келіп түскен түйіткілді сұрақтарда баяндалған ахуал мұқият зерделенетін болады. Тиісті жауаптар 1 ай ішінде «Zakon.kz» сайтында жарияланатын болады», - деді.

 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі