Қайрат Мәми ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысымен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо мырзамен кездесті.

Кездесуде Жоғарғы Сот Төрағасы Қазақстан Республикасы мен  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен және оның институттарымен арадағы өзара қарым-қатынастың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтті. «Біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адам саудасына қарсы іс-қимыл, қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша сот төрелігіне қолжетімділік және Орхус конвенциясын іске асыру, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту салалары бойынша бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырдық. Ынтымақтастықтың аталған бағыттары біз үшін өзекті болып қала береді», - деді Қ.Мәми.

Әңгіме барысында соттардың ашықтығын арттыру мәселесі бойынша өзара ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейіп келе жатқандығы да айтылды. Тек ағымдағы жылдың өзінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен БАҚ-пен жұмыс бойынша үйлестіруші-судьяларға арналған семинар-тренингтер өткізілді, соттардың масс-медиамен өзара іс-қимыл тәжірибесін зерделеу мақсатында Ресей Федерациясына таныстыру іссапары ұйымдастырылды.

Қазақстандық тарап Сот төрелігі академиясының негізінде адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша судьялардың біліктілігін арттыру, қонақ дәрістерді өткізу, шетелдердің жоғары сот сатыларының жұмысы бойынша таныстыру іссапарлары мен кездесулерді ұйымдастыру бағытында ЕҚЫҰ-мен өзара ынтымақтастықты арттыруға қызығушылық танытты. Бұған қоса, Жоғарғы Сот әзірлеген Әкімшілік процестік кодекстің жобасын шетелдік сарапшылардың зерделеуі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу соңында тараптар осы сапардың бірлескен жұмысқа жаңа серпін беретіндігін және өзара тәжірибемен алмасуға ықпал ететіндігін атап өтті.

 

Источник: 
Жоғарғы Соттың Баспасөз қызметі