Жоғарғы Соттың талдау қорытындысы бойынша ювеналды соттар жұмысы жоғары бағаланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бала құқығын қорғау - Қазақстандағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған.

Бұл халықаралық құқықтық актілерде және Конституцияда бекітілген баланың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын толық мойындауды білдіреді.

Қазақстан бала құқығын қорғауға бағытталған бірнеше халықаралық шарттардың, соның ішінде Бала құқығы туралы Халықаралық конвенцияның, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің және Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің қатысушысы болып табылады.

Бала құқықтарын қорғау жолындағы еліміздегі маңызды қадамдардың бірі Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 23 тамыздағы Жарлығымен Астана және Алматы қалаларында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құрылуы болды.

Кейін, 2008 жылдың 19 тамызында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздегі балаларды қорғау жүйесін жасақтауға және оны әрі қарай жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасында ювеналды әділет жүйесін дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттарды құру ювеналды әділет жүйесінің маңызды бөлігі ретінде қарастырылды. Осы мәселені шешу мақсатында 2012 жылдың ақпан айында барлық облыс орталықтарында және ірі елді-мекендерде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда, алғаш рет Орталық Азия және посткеңестік кеңістікте кәмелетке толмағандардың қатысуымен және балалардың құқықтарын қорғауға қатысты азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша арнайы юрисдикциялы өкілеттік берілген мамандандырылған 19 сот жұмыс істеуде.  

Мамандандырылған ювеналды соттар жұмысының тиімділігі мен сапасының маңыздылығын ескере отырып, ювеналды әділет жүйесін құру әрі кешенді дамыту үшін Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті олардың 2014-2015 жылдардағы жұмысына талдау жүргізді.

Талдаудың негізгі мақсаты орын алуы мүмкін құқықтық кемшіліктерді және ювеналды соттар жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін себептерді анықтау, сот практикасын зерделеу және осы соттардың жұмысын ұйымдастыруды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру болып табылады.

Жалпы алғанда талдаудың қорытындысы көрсеткендей,  мамандандырылған соттарды құру кәмелетке толмағандарға қатысты материалдардың мұқият зерделенуіне ықпал етіп, құқықбұзушылықтар мен қылмыстар туралы істерді қарау және дауларды шешу кезіндегі күтілген нәтижелерді қамтамасыз етті.

Мысалы, жаза тағайындау практикасын алып қарайтын болсақ, 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда ювеналды соттарда сотталған кәмелетке толмағандардың саны 33%-ға азайған. Осы соттарда ақталғандардың саны үш есеге жуық, яғни 39-дан 115-ке дейін өсті. Әрбір екі істің бірі өндірістен, соның ішінде бітімгершілік рәсімдерді қолданудың нәтижесінде қысқартылды. Медиация тәртібімен аяқталған істердің саны 7,3%-ға өсті (12%,  2013 жылы 4,7%). Бұл қылмыстық істерді қарайтын жалпы соттарда қалыптасқан сот практикасымен салыстырғанда ізгілік бағытын ұстану практикасының басымдығын көрсетеді.

Сонымен қатар, жүргізілген талдау, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз етумен байланысты тиісті шараларды қабылдауды қажет ететін өз алдына жеке мәселелер мен  үрдістердің барын анықтады.

Мысалы, ювеналды соттарда қаралған істердің көпшілігі, ата-ана құқығынан айырумен (құқығын шектеумен) байланысты азаматтық істерге (38%), ата-ананың балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерін орындамауына байланысты құқық бұзушылықтар  бойынша әкімшілік істерге (64%),  ата-ананың  сот шешімі бойынша балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты қылмыстық істерге (65%) қатысты.

Талдау қорытындысының негізінде мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірленді. Толық талдамалық анықтама  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Талдама» айдарында жарияланды http://sud.gov.kz/kaz/content/2015-zhylga.