Жоғарғы Сотта Ұлт Жоспары шеңберінде тергеу судьяларының жұмысын реформалау бойынша халықаралық семинар өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында «Үйқамақ. Кепілді қолданудың ерекшелігі. Тінту және жеке тінту, қарауды, алу» тақырыбында халықаралық семинар болып өтті.

Іс-шараның модераторы – Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин. Семинарға Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ұлттық бюро төрағасының орынбасары Талғат Татубаев, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының директоры Мұрат Бейбітов, Бас прокуратура мен Қаржы министрлігінің өкілдері қатысты.

Сот жүйесі атынан Жоғарғы Сот, жергілікті соттардың судьялары, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері қатысты. Бұған қоса, Бремен қаласының (Германия) Учаскелік тергеу судьясы Петер Вальтер және Қазақстандағы халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың Герман қорының өкілдері (IRZ) қатысты.

Өз сөзінде А. Рахметулин IRZ аталған іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

«2008 жылдың тамызынан бастап қамақты және үйқамақты соттың санкциялауы Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болып табылды және еліміздің адам құқықтары саласындағы көпшілік мақұлдаған халықаралық стандартты ұстанатындығын білдірді. Кез-келген мемлекетте азаматтың бостандық пен жеке басына құлсұғылмаушылық құқығы ең маңызды болып табылады», - деді А. Рахметулин.

Тергеу судьясының институты Қазақстанда 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Тергеу судьясы қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге жол бермеуге бағытталған қызметті жүзеге асырады.

«100 нақты қадам – қазіргі заманғы баршаға арналған мемлекет» Ұлт Жоспарының 22-қадамын іске асыру шеңберінде биылғы қаңтардан бастап, тергеу судьяларына қарауды, алуды, тінту мен жеке тінтуді санкциялау секілді бірқатар қосымша өкілеттіліктер берілді.

Бұл жаңашылдық өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мәселен, 2016 жылғы 4 айда ҚПК-нің 55-бабы тәртібінде тергеу судьяларының қарауына 17 мыңнан астам (17648) материал келіп түсті. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, 3 есеге көп (2015 жылдың 5 айында – 6191 материал). Бұл ретте олардың жартысынан көбін жаңа өкілеттіктер бойынша өтінішхаттар құрайды – 8 мыңннан астам (8359 немесе 47,4 пайыз).

Олардың ішінде 6 мың материал алуға қатысты (6758 материал немесе 80,8 пайыз). Соттың санкциялары тінту бойынша 1097 материал, 471 материал жеке тінтуге қатысты.

Қосымша төрт өкілеттіктің ең төменгі үлесі қарауды санкциялауға жатады (барлығы 23 материал келіп түсті), бұл аталған процессуалдық іс-қимылдың ерекшелігіне байланысты.

Өткен жылдың 4 айымен салыстырғанда, бұлтартпау, кепіл, үйқамақ қамаққа алу жөніндегі өтінішхаттар 8,1 пайызға азайды (2016 жылғы 4 айда қамаққа алуға санкция беру 3611-ден 3320 адамға азайған).

Сонымен қатар, тергеу судьялары үстіміздегі жылдың 4 айында  тергеушінің және прокурордың іс-әрекетіне байланысты 409 шағымды қарап, оның бестен бір бөлігін қанағаттандырды (86 немесе 21 пайыз).

Жоғарғы Соттың судьясы Қ. Шаухаров азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігін нығайтудағы соттың бақылауын одан әрі кеңейту туралы баяндама жасады. Ішкі істер министрінің орынбасары Р. Жақыпов өз баяндамасында құқық қолдану тәжірибесі, бұлтартпау шараларын қолдану және жекелеген тергеу әрекеттерін жүргізудегі проблемалар туралы айтты. Халықаралық сарапшы Петер Вальтер жекелеген процессуалдық әрекеттерді соттың санкциялауы жөніндегі еуропалық құқықтық тәжірибесінің негізгі үрдісі, сондай-ақ, Германияда тінту, жеке тінту, қарау және алуды соттың санкциялауының процессуалдық және ұйымдастырушылық негізі бойынша өз тәжірибесін бөлісті.

Семинарға қатысушылар жасаған өзге де баяндамаларда кейбір тергеу әрекеттерін санкциялау тәжірибесі, кепілдікті бұлтартпау шарасы ретінде қолданудың ерекшелігі, адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, тергеу судьясының қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру, т.б. мәселелер жан-жақты талқыланды.

Іс-шара соңында семинарға қатысушылар тергеу судьясы институтын жетілдіру жөнінде ұсынымдама әзірлейтін болады.

 

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі