Сот қызметкерлері білім мен өнер бәсекесінде сайысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау облыстық сотының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Ұлттың ұлы тұмары - Тәуелсіздік» атты кеңсе қызметкерлері арасында облыстық сайыс өткізілді.  Шараның мақсаты – сот кеңсесінің қызметкерлерін отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеп, ұлттық құндылықтар мен тарихты жете білуге ынталандыру болатын.

Іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев, ҚР Судьялар Одағының Маңғыстау облысы бойынша филиалының төрағасы, Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев, облыстық соттың судьялары, Маңғыстау облысы бойынша Соттар Әкімшісінің басшысы Меңді Епенова, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңсе меңгерушілері мен сот қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар, арнайы қонақ ретінде шақырылған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басқармасы мен ҮЕҰ басшылары, жергілікті БАҚ басшылары да сот жүйесіндегі сайысты тамашалады.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Е.Қарабаев әріптестері мен қонақтарды алда келе жатқан мерекелермен құттықтап, сынға түсушілерге сәттілік тіледі.

Облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардан іріктеліп, ең мықты, белсенді деп танылған 19 үміткер сайыста бақ сынасты. Олар қиын да қызықты викториналық сұрақтарға жауап беріп, танымдылығы мен білім деңгейін байқатса, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтып жарысу кезеңінде ой жылдамдығы мен белсенділіктерін көрсетті.

«Оратор» кезеңінде «Егер мен судья болсам» деп аталатын ситуациялық тапсырмалар беріліп, түрлі дауларды шешу міндеттелді. Сайыскерлер бір сәтке өздерін судьяның орнына қойып, адам тағдырын қолына алып, шешім шығарып көруге тырысты.

Осыдан кейін олар ойларын жинақтап, лездік сұрақтарға жауап беруге кірісті. Бұл кезеңде мамандардың ел тарихы, заңдар, туған жер құндылықтары бойынша білімдері тексерілді. 

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, сайыстың ең қызықты да қызған сәті «Менің өнерім» кезеңінде байқалып, мамандар  өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Бірі домбыра шертіп, қазақтың қара өлеңін әуелетсе,  екінші бірі мың бұрала би билеп, көрермендерді тамсандырды. Майлы бояумен сурет салып, түрлі ою оятындар, қайыстан ер-тұрман есіп, қамшы өретіндер, тоқыма тоқып, қазақша киім тігетіндер де сот қызметкерлерінің арасынан табылды. Тіпті поэзиямен жанын үйлестіріп, өлең шығаратын ақын жігіттер қара өлең оқыса, бармағынан май тамған шебер қыздар түрлі тәттілер пісірді.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Нұркен Кердешов қанжығалап, оған 50 000 теңгенің сертификаты тапсырылды. Бірінші орынды Жаңаөзен қалалық сотының бас маманы Ерлан Адылов, екінші орынды Маңғыстау облыстық сотының бас маманы Қаламқас Үсенова, үшінші орынды Бейнеу аудандық сотының бас маманы Жасұлан Досмұханбетов иеленді. Ал, Ақтау қаласы №2 сотының жетекші маманы Айгүл Худибаева «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Айта кету керек, аталған сайыс ҚР Судьялар Одағының Маңғыстау облысы бойынша филиалының қолдауымен өткізілді.

Сот қызметкерлерінің тартысты да қызықты сайысына куә болған қонақтар өз таңданыстарын жасыра алмады. Бүгінде мұндай сайыстарды өткізу облыстық соттың  дәстүрлі шарасына айналып отыр. 

Источник: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі