Астанада мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау бойынша сот практикасын талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласының соты мен «Атамекен» ұлттық палатасы «Бизнестің мүддесін сотта қорғау» жобасын іске асыру шеңберінде «Мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттерін (немесе әрекетсіздігін) даулау жөніндегі сот практикасы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді.

«Дөңгелек үстел» жұмысына Астана қаласының судьялары Мараш Манабаева мен Шолпан Нүсіпова, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Мәди Рысбеков, «Атамекен» өңірлік палатасының, техникалық реттеу және метрология, мемлекеттік сатып алу, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі комитеттердің, сондай-ақ жылу-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылық, құрылыс және тұрғын үй саясаты, бизнес қауымдастық басқармаларының, экономика бойынша квазимемлекеттік сектор ұйымының өкілдері мен адвокаттар қатысты.

Жиында М.Рысбеков сот арқылы қорғау құқығын тұлғаның құқықтық мәрбесіне берілген кепілдіктердің бірі болып табылатындығын атап өтті. «Билік органдарының қызметіндегі заңдылық қоғамның өмірінде аса маңызды орын алады, себебі мемлекеттік реттеу іс жүзінде қоғамдық қатынастардың барлық саласын қамтиды. Конституция әрбір адамға мемлекеттік билік әрекеттерінің заңдылығы туралы өз пікірін білдіруге және қорғаудың сот нысанын пайдалану арқылы өз құқығын іске асыруға құқық береді», - деп айтты. 

МАЭС судьясы Анар Кәрімова өз баяндамасында сот мемлекеттік органды, жергілікті өзін-өзі басқару органын, қоғамдық бірлестіктерді, ұйымдарды, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілерді жол берілген бұзушылықтарды толық көлемде жоюға және азаматтың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерін қалпына келтіруге, адамға қолданылған жауапкершілік шараларының күшін жоюға не бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді өзге де жолмен қалпына келтіруге міндеттейтін Азаматтық процестік кодекстің 227-бабы туралы еске салып өтті

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу жөніндегі комитеті Құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Мұрат Сейтахметов мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы уәкілетті орган бұйрықтарының күшін жою бойынша сот практикасы туралы айта келе, статистикалық деректерді мысалға келтірді. Оның айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның жаңа редакциясы соттарға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтты, себебі шарттар жасасудан жалтарған мемлекеттік сатып алудың әлеуетті қатысушылары тізілімге автоматты түрде енгізіледі, сотқа бұйрықтарға шағым беру пайызы өте төмен және шығарылған бұйрықтардың жалпы санының 4%-нан аспайды.

 «Fortezza Group» ЖШС директоры Тілек Ибраев бизнес қауымдастық өкілдерінің атынан қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бөлігінде талқыланып отырған тақырып бойынша бірнеше ұсыныс енгізді.

Талқылауды қорытындылай келе, Астана қаласы сотының судьясы М.Манабаева барлық қатысушыларды «дөңгелек үстел» жұмысына белсенді қатысқандары үшін алғыс айтты.

Источник: 
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі