Жоғарғы Сот Төрағасы Ұлыбританияның Әділет министрлігінің тұрақты хатшысы Р.Хитонмен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов Ұлыбританияның Әділет министрлігінің тұрақты хатшысы Р.Хитон мырзамен кездесті.

Кездесуге Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Майк Гиффорд, Қазақстан жоғары сот органының судьясы Мадияр Балкен және Жоғарғы Сот Аппараты басшысының орынбасары Ербол Өмірәлиев қатысты.

Кездесу барысында меймандар сот төрелігіне сенімді арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында сот жүйесін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстың барысы туралы хабардар болды.

Еліміздің жоғары сот органының төрағасы Қазақстан-Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастың даму қарқынына тоқтала келе, құқық үстемдігін, сот практикасының тұрақтылығы мен икемділігін, сот төрелігінің заң қауымдастығымен өзара іс-қимылының деңгейін, заңгерлік қызметтің сапасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ағылшын тәжірибесіне деген зор қызығушылықтың туындап отырғандығын айтты.     

Өз кезегінде, жоғары мәртебелі мейман екі елдің құқық саласындағы өзара іс-қимылын дамыту, Қазақстанның сот жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістер жағымды инвестициялық ахуалды құруға және инвесторлардың мүддесін сотта тиімді қорғауға қажетті алғышарт болып табылатындығын атап өтті.  

Ж.Асанов судьялар жүктемесінің көптігін сот жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі ретінде атады. «Соңғы бес жыл ішінде әрбір судьяның жүктемесі 93%-ға артты. Өткен жыл мен осы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысын салыстырсақ, жүктеменің тағы 35%-ға артқанын байқаймыз», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы. Оның ойынша, бұған, бір жағынан, азаматтардың соттарға деген жоғары сенімі ықпал етсе, екіншіден, медиацияның жеткілікті дамымауы себеп. 

Осы мәселелерді шешу үшін бірқатар басым міндеттер көзделген: судьялардың біліктілігін, олардың өз жұмыстарын ұйымдастыру қабілеті мен татуластыру рәсімдерін жүргізуге деген мүдделілігін арттыру.

Осы ретте Р.Хитон мен Ж.Асанов аталған мәселелер «өсім түйткілдері» болып табылатындығын және барлық елдердің қалыптасу кезеңіне тән екендігін жеткізді. Дей тұрғанмен, мейман бұл мәселелерді мемлекеттік баж салығының мөлшерін ақылға қонымды деңгейде арттыру, азаматтық даулардың кейбір бөлігін қаржылық омбудсменнің қарауына беру және сотқа дейінгі талқылау салаларын кеңейту арқылы  экономикалық тұрғыдан реттеу мүмкіндігін атап өтті.

Ж.Асанов «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен арбитраж орталығының қызметі туралы сұраққа жауап бере келе, АХҚО жанынан ағылшын-саксон құқық жүйесіне сәйкес істерді ағылшын тілінде қарайтын қаржы сотының құрылғанын хабарлады. «Бұл сот инвестициялық дауларды шешуге бағытталған және еліміздің сот жүйесіне кірмейді. Ол Дубай қаржы және Сингапур арбитраж орталықтары тәжірибесінің негізінде құрылған», - деді ол. 

Тараптар шетелдік тәжірибені Қазақстанның құқықтық кеңістігінде қолдануға және басталған жобаларды заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында тиімді іске асыруға мүдделілік танытты.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі