Жаңа пилоттық жоба – татуластыру рәсімдерін дамытудағы нақты қадам

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазіргі таңда соттарда істі қарау барысында тараптарды «Медиация туралы» Заңды қолдану арқылы татуластыру институтының өзектілігі артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда республика соттарында дауласушы тараптарды медиация тәртібімен татуластыру арқылы аяқталған істердің артқаны байқалады, ал тәжірибеде осы дауларды соттарға жүгінбей-ақ шешуге болатындығын көруге болады.

Мемлекет басшысының республика судьяларының VII съезінде берген тапсырмасын орындау мақсатында Жоғарғы Сот ағымдағы жылдың ақпан айында медиацияны қолдану салаларын одан әрі кеңейтудің кезекті қадамы болып табылатын жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған соттарының ғимаратында облыстық соттың ұйымдастыруымен жаңа пилоттық жоба көпшілікке таныстырылды.

Іс-шараға 130-дан астам қонақ шақырылды. Олардың арасында «Нұр-Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының, «ОҚО Азаматтық альянсы» заңды тұлғаларының қауымдастық нысанындағы бірлестігінің, облыстық ішкі саясат, білім, Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаларының, Әділет департаментінің, Шымкент қалалық білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.

Сонымен қатар, кездесуге қатысқандардың ішінде пилоттық жобаға қатысы бар адвокаттар алқасының, кәсіпкерлер мен нотариалдық палаталардың, үкіметтік емес ұйымдардың, екінші деңгейдегі банктердің, сақтандыру компанияларының және БАҚ өкілдері де болды.

Кездесуді ашу кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов: «Таныстырып отырған пилоттық жоба мұрагерлік, некені бұзу, мүлікті бөлу мен шығару және кондоминиумді басқару, қарыз шарттарға қатысты, кейбір еңбек даулары және т.б. санаттағы даулар (жанжалдар) бойынша медиацияны міндетті түрде жүргізуді қамтиды», - деді.

Іс-шараға қатысушыларды пилоттық жобаны іске асыруға жұмыла күш салуға шақыра отырып, Н.Шәріпов оның экономикалық, ювеналдық және азаматтық істерді қарайтын аудандық соттарда жүзеге асырылатындығына назар аударды.

Н.Шәріпов Жоғарғы Соттың бұған дейін іске қосқан тараптарды сот медиациясы арқылы татуластыру институтын сот өндірісіне енгізу бойынша жобасы жаңа Азаматтық-процестік кодексте өз орнын алғанын атап өтті. Оның айтуынша, татуластыру рәсімдерін көбіне судья-медиаторлар жүргізуде.

«Дауларды сотқа жеткізбей шешуге бағытталған жаңа пилоттық жоба бұл институттың дами түсуіне орасан зор ықпалын тигізіп, қоғамдағы дауларды азайтуда нақты нәтижелер береді», ‒ деді облыстық соттың төрағасы.

Облыстық соттың судьясы Н.Биболов, шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Х.Бациев, Шымкент қаласының Қаратау және Еңбекші аудандық соттарының судьялары Л.Әуелбекова мен К.Жаппасова жаңа жобаның қолжетімділігі мен тиімділігін атап өтті.

Таныстыру рәсіміне келген меймандар жаңа жобаға қолдау білдіріп, жаңашылдықтың кешікпей заңнамалық тұрғыдан бекітілуіне үміт артатындарын айтты. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов: «Партия билік пен халық арасындағы көпір ретінде өзінің бөлімшелері арқылы бүгінгі таныстырылып отырған жаңашылдықтың артықшылықтары туралы қалың бұқараға жеткізеді», ‒ деді. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлеген бюджетте қарастырылған қаражат есебінен мемлекет үшін маңызы бар осы жобаны насихаттауға материалдық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бір жарым сағатқа созылған кездесу барысында сындарлы пікір алмасу болып, үйлестіруші судьялар қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі