Шымкентте қоғамдағы дауласу деңгейін төмендету мүмкіндігі талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен Шымкентте оңтүстік өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

«Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртынды жау көбейеді» тақырыбындағы бұл іс-шара «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Оған облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс басшылығы, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, ардагер судьялар, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар қоғамдағы дауласу деңгейін төмендету мүмкіндіктерін талқылады.

С.Сүлеймен өз сөзінде кездесу қатысушыларының назарын қоғамдағы дауласу деңгейінің қарқын алып отырғандығына аударып, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының негізгі аспектілерімен таныстырды. Мәліметтерге сәйкес, 2013-2017 жылдар аралығында сотқа түскен арыздар мен істердің саны екі есе артқан. Осылайша еліміздің әрбір төртінші азаматы сот дауларына тартылған. Басқа өңірлерге қарағанда Оңтүстік Қазақстанда дауласу деңгейі біршама төмен, алайда сотқа жүгінуші азаматтар саны бойынша Алматы қаласынан кейін екінші орында. Соттар қарап жатқан даулардың көпшілігі некені бұзуға және алимент өндіруге қатысты отбасылық даулар. «Елімізде әрбір үшінші неке бұзылуда,  2017 жылы ОҚО-да 10 700 отбасылық жұп айырылысқан»,- деді С.Сүлеймен. Ол дамыған елдерде даулардың 80-90 пайызы бітімгершілікпен аяқталатынын атап өтті. Біздің елімізде даулардың көпшілігі сотқа жүгінуді талап етпейтініне қарамастан, азаматтар соттасып, әуре-сарсаңға түсіп, шығынға ұшырап жүр және бұл мемлекетімізге де қымбатқа түсуде.

С.Сүлеймен өңір әкімдерінің жанындағы ардагерлер кеңесінің атауын Билер кеңесіне ауыстыруды ұсынды. «Мұндай тәсіл көптеген дауларды дәстүрлі құқық әдісімен шешуге, яғни қоғамдағы дауласу деңгейін төмендетуге ықпал етеді»,- деп есептейді ол.

Дауларды соттан тыс шешуге арналған алаң ретінде республика бойынша қайта құрылып жатқан Татуласу орталықтары қызметінің келешегі жайында айта келе, С.Сүлеймен жиналғандарды медиация институтын көпшілікке таратуға және дәріптеуге шақырды.

Баяндамамен сөз сөйлей келе, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбеков қолданыстағы «Медиация туралы» Заңны бұрынғы дана билердің бітімгершілік мирасының негізінде тиімді іске асып жатқанын атап өтті. Ол назарды жетістіктер мен өзекті мәселелерге аударып, облыста татуласу рәсімдерін қолдану тәжірибесі бойынша статистикалық мәліметтер келтірді.

Баяндама соңында облыстық соттың төрағасы зиялы қауым өкілдерін медиация институтын дамыта түсуге белсенді түрде атсалысуға шақырды.

Жиында сөз сөйлеген облыстың құрметті азаматы, еңбек ардагері Шалатай Мырзахметов, заң ғылымдарының доқторы, профессор, ҚазКСР-дің еңбек сіңірген заңгері, сот жүйесінің ардагері Бекет Тұрағараев, «Құрмет» орденінің иегері Әділхан Сұлтанбеков, кәсіпкер, меценат Серікжан Сейітжанов және бірқатар зиялы қауым өкілдері медияцияны кеңінен таратуға қатысты оң пікірлерін білдіре келе, осы бағыттағы жұмысты жандандыра түсуге өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді.

 Жұмыс қорытындысы бойынша қоғамдағы дауласу деңгейін төмендету жөнінде тиісті ұсынымдар әзірленді. 

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі