Соттан тыс және сотта татуласу бойынша Жоғарғы Соттың жобасы өз нәтижесін беруде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2018 жылдан бастап Жоғарғы Сот соттан тыс және сотта татуласу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

Жобаны іске асыру шеңберінде Жоғарғы Сот пен Кәсіподақтар Федерациясының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қызылорда және Ақтөбе облыстарында соттан тыс татуласу орталықтары ашылды. Мұнда медиаторлар, психологтар, шиеленістанушылар мен басқа да мамандар жұмыс істейді.  

Осы орталықтардың міндеті – дауласқан тараптарға оңтайлы шешім табу және ұсыну. Татуласу нәтижесінде дау шешілумен қатар, азаматтар арасындағы қарым-қатынастар қайта қалпына келеді. Тараптар саналы түрде ортақ келісімге келеді.

Ағымдағы жылғы 14 наурыздан бастап Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында татуласу рәсімдері туралы пилоттық жоба басталды. Сот төрағасының өкімімен татуластырушы-судья тағайындалды.

Татуласу рәсімдерін өткізу кезінде тараптарға міндетті түрде рәсімдердің бірін таңдау, яғни медиатордың қатысуымен немесе сот медиациясын өткізу жолымен бітімгершілік келісім, партисипативтік келісім, медиативтік келісім жасау мүмкіндігі түсіндіріледі.

Пилотық жобаның басталған кезінен бастап Сарыарқа аудандық сотына 1520 талап арыз түскен. Соның ішінде татуластырушы-судьяға 211, соның ішінде: 78-і – берешекті өндіріп алу, 95-і – некені бұзу, 21-і – залалды өндіріп алу, 7-еуі –алимент төлеу, 5-еуі – жалақыны өндіріп алу; 3-еуі – тұрғын үйден шығарып жіберу, 3-еуі – тұтынушының құқықтарын қорғау, 2-еуі – мүлікті бөлу туралы талап арыз берілген.

Бір айдың ішінде жоғарыда аталған соттың татуластырушы-судьясы 44 медиативтік келісімді бекітті, 4 бітімгершілік келісім жасап, 4 ерлі-зайыптын ажырасудан сақтап қалды.

Мәселен, елорда тұрғыны сотқа некені бұзу туралы талап арызбен жүгінді. Сот талқылауының барысында судья тараптарға татуласу рәсімі, соның ішінде медиация тәртібінде дауды реттеу жолын ұсынды. Кейін тараптар медиативтік келісім жасау туралы ортақ пікірге келді. Сот ұйғарымымен медиативтік келісім бекітіліп, некені бұзу туралы азаматтық іс жүргізу тоқтатылды.

Сәуір айында судья жәбірленуші тарапты жол-көлік оқиғасына кінәлі адаммен татуластыруға қол жеткізді.

Жол-көлік оқиғасы 2016 жылы орын алған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан талап қоюшының денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген. Оның денсаулығын қайта қалпына келтіру үшін ақшалай қаражат қажет болды. Алайда оқиғаға кінәлі адам материалдық залалды өз еркімен төлеуден бас тартқан. Осыған байланысты, жәбірленуші материалдық залалды өндіріп алу туралы арызбен сотқа жүгінген. Сот талқылауы барысында судья тараптарға дауды татуласу жолымен шешуді ұсынды. Тараптар ұсынысты қабылдап, медиативтік келісім жасады.   Медиативтік келісімге сәйкес жауапкер талапкерге 4 ай ішінде кесте бойынша материалдық залалды өтеуге міндеттенді.

Мемлекет татуласу рәсімдерін ынталандыру бойынша бірқатар шараларды қабылдады. Тараптарды дауды бітімгершілік жолымен шешуге ынталандыру үшін жергілікті соттарда мемлекеттік баж салығын толық көлемде, кассациялық сатыдағы сотта – төленген соманың 50%-ын қайтарып алу көзделген.

Қорыта айтқанда, татуласу рәсімдерін ыңғайлы жиһаздармен және  заманауи  ұйымдастыру техникаларымен жасақталған арнайы кабинеттерде өтетінін атап өткен жөн.

 

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі