ОҚО сотының судьялары Өзбекстан Республикасының соттарын аралады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н.Шәріпов бастаған облыстық сот судьяларының делегациясы Өзбекстан Республикасында жұмыс сапарымен болды.

Сапар мақсаты Өзбекстан Республикасының бірінші сатылы соттарының азаматтық сот істерін жүргізу мерзімдерін процестік реттеу тәжірибесін зерделеу.

Облыстық сот төрағасы Н.Шәріпов және судьялар Өзбекстан Жоғарғы Соты төрағасы Ш.Газиевтің қабылдауында болып, екі елдің сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар барысы туралы өзара пікір алмасты.

Өзбекстан жоғары сот органының төрағасы Қазақстан Республикасы сот жүйесінің сот істерін электронды түрде жүргізуді кеңінен енгізудегі, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетіміділігін қамтамасыз етудегі, заң үстемдігін сақтаудағы, адам мен азаматтың құқығын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғаудағы жетістіктеріне қызығушылық танытты.

Қазақстан делегациясы Өзбекстанның Жоғарғы Сотында болған кезде, Қазақстан соттарының электронды ақпаратты жүйесінің жұмысын көрнекі түрде көрсетті, сонымен қатар Ташкент облыстық, қалалық және Ташкент қаласының Миробад, Мирзо-Улуғбек ауданаралық, сондай-ақ, Ташкент облысының Зангиата ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соттарында болып, соттардың азаматтық істерді қарау, соның ішінде, істерді қысқартылған, сот талқылауына дайындау аяқталғаннан бастап 10, 20 күннен кешіктірмей қарау тәжірибесімен танысты.

Делегация мүшелерін сот жүктемесін азайтуға септігін тигізетін, сот бұйрықтарын шығару тәжірибесі қызықтырды. Көршілес елдің сот істерін жүргізу жүйесіне сот бұйрықтарын электронды түрде шығару енгізілген, соның нәтижесінде сот актісін әзірлеуге 5 минут уақыт жетеді.

Сапар қорытындысында тараптар мұндай кездесулердің маңызды әрі пайдалы болғанын атай келе, екі елдің соттары  арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып, дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.  

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі