Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты «Ашық есік күнін» өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьялары Клара Жаппасова мен Аида Байтурова, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық институтының студерттері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында судьялар студенттерге Қазақстан Республикасы Президенті өкілеттіктерінің бірқатары Парламент пен Үкіметтің арасында бөлінуіне байланысты Конституцияға енгізілген өзгерістер, олардың рөлдерінің күшейтілуі, сот жүйесі мен прокуратура органдары бойынша нақтыланған өзгерістер жөнінде түсіндіріп өтті.

Кездесуде аудандық соттың төрағасы Маратәлі Бекназаров журналистер тарапынан Ұлт жоспары аясында орын алған өзгерістер туралы қойған сұрақтарына жауап берді.

Аудандық соттың судьялары Нұрғали Исмаилов пен Бағдәулет Ахметов сот корпусына қажетті мамандар даярлау, судьялардың біліктілігін арттыру, судьялардың қызмет барысындағы және сот процесін өткізудегі тәртібі жөнінде айтты. Сонымен қатар, судьялар студенттердің сот жұмысы мен судьялардың мәртебесі туралы қойған сұрақтарына толыққанды жауаптар қайтарды.

Аудандық соттың судьясы Сәбит Төреханов азаматтық және қылмыстық заңнамалардағы кейбір нормаларды қолдану,  «Сот кабинеті» сервисі, аудио-бейнетіркеу жүйесінің көмегімен сот отырысын жүргізу тәртібі және «Төрелік» бағдарламасының ерекшеліктері жайында айтып өтті.

Бұл күні студенттер үшін сот ғимаратының медиация кабинетінде, судья мен сот қызметкерлерінің қызметтік бөлмелерінде және сот отырысы залдарында болды.

Студенттер сот төрелігін жүзеге асыру барысымен жақыннан таныстырғандары үшін судьяларға  алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралар олардың сот жүйесіне деген оң көзқарасын қалыптастырып, мамандық таңдауға көмегін тигізетінін айтты.

Тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында «Ашық есік күндері» облыстық, Түркістан қалалық, Мақтаарал аудандық соттарында өткізу жоспарланған.

Қайнар: 
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі